Тау
Нургул

Секретарь Комитета по социально - культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
О состоянии общежитий

Жастар арасындағы үйсіздік пен күйсіздік жағдайлары қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Күні кеше Алматыдағы хостелде орын алған өрттен 13 адам қаза тапты. Тілсіз жаудың салдарынан көз жұмғандардың арасында студенттерде бар.

Жатақханаларда бос орындардың болмауы себебінен студенттер жалдамалы пәтерлерді немесе техникалық қауіпсіздігі осал, арзан хостелдерді паналауға мәжбүр.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша елімізде 380 студенттік жатақхана бар. Алайда, жатақханаларда 23,7 мың орын тапшы. Бұл мәселе қазіргі таңда Алматы, Астана, Шымкент  қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысында өзекті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2017 жылдан  2022 жылға дейін кампустарда тұратын студенттер саны 7,3%-ға: 68,1 мыңнан 73,1 мың адамға дейін өскенін атап өтуге болады. Әрине, бұл оң үрдіс. Дегенмен, оны жабылмаған қажеттілік бойынша көрсеткіштермен бірге бағалау қажет. Ал, ол 20,3% - дан 38,1%-ға дейін өсті.

Ағымдағы жылдың қаңтар айының басында өткен халықпен кездесуде Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің «Respublica» партиясы фракциясының депутаты Н. Тау және «Respublica» партиясының бірқатар мәслихат депутаттары Астана мен Алматы қалаларындағы және Алматы облысындағы студенттердің сұранысы бойынша бірнеше студенттік жатақханаларға барып, студенттердің жағдайымен танысты.

Жалпы айтқанда, жағдай көңіл көншітерлік емес. Жатақханалар Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға (ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген) сәйкес келмейді. Мәселен, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университеті жатақханаларының тозығы жеткен. Оларды шұғыл түрде жөндеу қажет. Жатақханадағы студенттердің жуынатын бөлмелерінің тазалық жайы ешбір сын көтермейді. Бұл, әсіресе, медицина саласындағы университетке сәйкес келмейтін, жат жағдай.

Астана Медициналық Университетінің жатақханаларында студенттер арасында бір шағын бөлмеде 9-11 адамнан тұру қалыпты жағдайға айналып кеткен. Сондай-ақ, аталған жатақханаларда үй-жайларын жөндеуге және күтіп ұстауға қойылатын талаптарды қатаң сақтауды қадағалау мәселесін қолға алу қажет.

Бұдан бөлек, жатақханалардың қауіпсіздік жағдайына аса мән беру қажет. Осылайша, жатақханалардың терроризмнен қорғану деңгейі және өрт қауіпсіздігі жағдайлары төмен екендігін айта кету керек. Атап айтқанда, бірқатар жатақханалар террористік актіге қарсы қызметтерді шақыруға арналған «дабыл түймесімен» жабдықталмаған. Өз кезегінде, бұл, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулығында (ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығымен бекітілген) көрсетілген талаптарға сай келмейді.

Қорыта келе, елдегі жатақханаларға қатысты мәселелерді шешу үшін қарауыңызға келесі ұсыныстарды енгіземін.

Біріншіден, жеке кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін құру арқылы студенттерге арналған жатақханаларды салу және оның қызметін ұйымдастыру бойынша жаңа ұлттық жоба құру (Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы).

Құрылыс және басқа да шығындардың жартысын өтеу мақсатында «краудфандинг» тетігі бойынша жеке және заңды тұлғалардан инвестицияларды тарту ұсынылады. Жатақханаларда тұру бағасын қадағалау мақсатында мемлекет басты инвестор болуы қажет. Аталған тетік арқылы студенттік жатақханалар салу Ұлыбритания мен Германияда тиімді қолданылуда.

Екіншіден, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындарына басқа өңірлерден келген студенттерге бөлме жалға беру және оларды тамақтандыру үшін қаражат төлеу және оны қадағалау тетігін енгізу қажет (Ұлыбританияда осыған ұқсас бағдарлама іске асуда: «Host Family»).

Үшіншіден, Үкімет тарапынан еліміздегі тозығы жеткен, санитариялық-эпидемиологиялық және басқа да заңнамада белгіленген талаптарға сәкес келмейтін жатақханалар бойынша тиісті шешімдерді шұғыл қабылдау ұсынылады.

Төртіншіден, квазимемлекеттік компаниялардың студенттерге арналған конкурстер/ғылыми сайыстар өткізу арқылы жастардың пәтерді жалға алу қаражатын төлеу гранттарын енгізуді ұсынамын.

Бесіншіден, барлық жоғары, техникалық және кәсіптік оқу орындарын студенттерді толықтай жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеуді және осыған қатысты жауапкершілікті олардың бірінші басшыларына жүктеуді сұраймын.