The website color
Distance between letter distance
Images
20.12.2021

Н.Нығматулин Парламентаралық Одақтың төрағасы Д.Пашекумен кездесті


Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен кездесіп, ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, қазақстандық Парламент өкілдерінің Парламентаралық одаққа мүше мемлекеттердің әріптестерімен өзара іс-қимылы парламентаризм, заң шығару және демократияландыру мәселелері бойынша сындарлы диалогты дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде болып жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту мәселелері туралы айтты.

Палата Төрағасы мәртебелі мейманның Қазақстанға сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан Парламенті мен Парламентаралық Одақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі серпін беретініне мән берді.

Өз кезегінде, Д.Пашеку Парламентаралық Одақтың Қазақстан Парламентімен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, Қазақстан Еуразия құрлығындағы мемлекет ретінде, Парламентаралық Одақтың мүшесі ретінде өте маңызды серіктес ел екеніне назар аударды.

Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин қазіргі таңда Парламентте Уәкіл институтын дамыту арқылы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, өлім жазасы, балаларды қорғау, волонтерлік қызмет және т.б салалардағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

 

(Мәжілістің баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan