Адамбеков
Тілектес
Серікбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау туралы Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа


Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!


Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоныс аудару саясатын реформалау және ішкі көші-қонды реттеу қажеттігін алға қойып отыр. Солтүстік өңірде еңбекке қабілетті халықтың азаюы және халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде жұмыссыздықтың жоғары деңгейі  демографиялық теңгерімсіздік қана тудырмай, әлеуметтік-экономикалық проблемаға алып келеді. Одан бөлек елдің  қауіпсіздік мәселесіне де тікелей әсер етеді.

2017 жылдан бастап Қазақстанда оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару бағдарламасы жұмыс істейді. 2021 жылдан бастап бұл бастама «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда. Бағдарламаның шарттары бойынша өңіраралық қоныс аударуды қолдау көшуге субсидиялар беруді, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өтеуді, қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесуді қамтиды. Қоныс аударушыларға отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК біржолғы төлем, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды 15-тен 30 АЕК-ке дейін өтеу ұсынылады.

Бағдарламаның тиімділігі қоныс аударушылар санымен және жұмыспен қамту деңгейінің динамикасымен өлшенеді.

Уәкілетті органның деректері бойынша 2019 жылдан 2021 жылға дейін осы бағдарлама шеңберінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазқстан және Павлодар облыстарына шамамен 18,5 мың адам көшіп келген. Оның 11,5 мыңы еңбекке жарамды. Алайда, тұрақты жұмысқа тек 8,5 мыңға жуық адам немесе келгендердің жартысынан азы жұмысқа орналасты.

          Сонымен қатар, келгендердің ішінен 390 адам қайта оралды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша соңғы 3 жылда солтүстік және шығыс аймақтарда көші-қонның теріс сальдосы байқалады.

Бұл сандар жоба тиімділігінің төмендігін және қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді.

Біріншіден, солтүстік аймақтар азаматтардың өміріне тартымсыз болып қала береді. Әлеуметтік, көлік және коммуналдық инфрақұрылымның тез тозуы немесе толық болмауы, тұрғын үйлердің осал жағдайы,  газдың болмауы және қатал климаттық жағдайлар өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендетіп, отбасылық бюджеттің коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарын арттырады.

Екіншіден, салыстырмалы түрде жалақының төмендігі де өңірдің рейтингісін төмендетеді. Солтүстік өңірлерде жалақының орташа деңгейі шамамен 265 мың теңгені құраса, ал Алматы, Астана және Атырау облыстарында – 394-тен 556 мың теңгеге дейін жетеді. Осы аймақтарда көші-қонның оң сальдосы жоғары.

Үшіншіден, қоныс аударушыларды жұмысқа орналастырудың төмен деңгейі бағдарламаны іске асыру кезінде еңбек нарығының нақты қажеттіліктері мен қоныс аударушылардың күтулері ескерілмейтінін көрсетеді.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Аманат партиясының Фракциясы:

- солтүстік өңірлердің тұрғындары үшін қосымша ынталандыру шараларын көздеуді;

- бағдарламаны солтүстік өңірлерді кешенді дамыту арқылы жүзеге асыруды;

- бағдарламаны іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізуді;

- қоныс аудару мәселелерін іске асырудың халықаралық оң тәжірибесін зерделеуді;

- жобаны іске асыру тиімділігінің индикаторларын қайта қарауды қажет деп санайды.

Депутаттық сауалды қарап, қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.



Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT»

партиясы фракциясының мүшелері:                                Т.Адамбеков


                                                                                                   Қ. Балабиев


                                                                                                   Ж. Сүлейменова