Нұрымова
Гүлдара
Алданышқызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Резидентура бойынша депутаттық сауал

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында білікті кадрларды даярлауға баса назар аударылады.

Денсаулық сақтау саласындағы резидентура тақырыбы байыпты талқылау мен назар аударуды қажет етеді, өйткені бұл біздің халықтың денсаулығына және медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге әсер етеді.

Біздің еліміздегі резидент-дәрігер – бұл қазіргі құлдықтың тамаша үлгісі деуге болады.

Батыс елдерде резидент-дәрігер – жалақы алатын және салық төлейтін толыққанды денсаулық сақтау қызметкері. Неліктен біздің елде бакалавриат пен интернатурада 7 жыл оқыған адам «студент» болып саналады?

Болон жүйесі бойынша медициналық кадрларды оқыту және даярлау мамандарды даярлау мерзімін едәуір арттырады, 5 жыл бакалавриатты, 2 жыл міндетті интернатураны және бұған қоса 2 жылдан 5 жылға дейін резидентураны оқиды, сонда барлық оқу процесі 9 жылдан 12 жылға дейін созылады. Осылайша, университетті бітіріп, толық оқу 30-35 жасқа қарай тәмамдалады.

Бұл жастағы резиденттердің, әдетте, отбасылары мен балалары болады, ал резиденттің стипендиясына отбасының күн көруі қиын.

Резидент-дәрігерлер үшін оқу-жұмыс күні 8 сағат болады, яғни толық жұмыс күні. Қосымша жұмыс істеуге уақыт та, күш те қалмайды. Резидент-дәрігер 110 мың теңге көлеміндегі стипендияға қалай өмір сүреді?

«Жұмыспен өтеудің» өзі жеке бір мәселе.

Мысалы, студент интернатурадан кейін медицина саласында 3-5 жыл жұмыс істеуі керек. Егер бір жыл жұмыс істегеннен кейін ол резидентураға түссе, онда ол резидентура кезінде қаржы орталықтарының талап етуі бойынша бір мезгілде  тағы да медицина саласында жұмыс істеуі керек, бірақ резидент-дәрігер онсыз да сол жерде таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп жатады, алайда ол үшін жалақы алмайды. Бұл ретте, ауруханаларда ставкалар жиі болмайды.

Резидентураны негізінен ғылыми мақсатта қарастыру қажет деп санаймыз.

Интернатураның екінші жылы негізгі бағыттарды бөлу керек: педиатрия, терапия, хирургия, акушерлік және гинекология. Осылайша, интернатура аяқталғаннан кейін 4 негізгі мамандық шығады. Интернатураны бітіргеннен кейін оқу уақытын қысқартып, салалық мамандықтар бойынша 4 айдан 8 айға дейін бастапқы мамандандыруды енгізген дұрыс болар еді.

Бұл денсаулық сақтаудағы кадр жетпеушілігін қысқа мерзімде азайтуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, мынадай мүмкіндікті қарастыруды сұраймын:

1) резидент-дәрігердің мәртебесі ресми қызметкер мәртебесіне қайта қаралсын, өйткені резидент-дәрігерлер медициналық мекемелерде жұмыс істеп жатады, алайда тиісті жалақысы мен зейнетақы аударымдары болмайды;

2) резидент-дәрігерлер үшін интернатура бойынша мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу шарттары қайта қаралсын, өйткені 8 сағаттық жұмыс күні жағдайында жұмыспен өтеу мүмкін емес;

3) толыққанды денсаулық сақтау қызметкері – резидент-дәрігердің жалақысына институттар үшін қосымша қаражат ретінде емес, субсидиялау ретінде гранттық қаражат пен стипендиялар бөлу керек;

4) жылдан жылға стипендиялар төлеудің прогрессивті шкаласын енгізген жөн.  Мысалы, төрт жыл оқыған резидент бірінші жыл оқып жүрген резидентпен бірдей стипендия алады;

5) дәрігер-студенттер арасында нақты бәсекелестік тудыру үшін резидентурада ақылы білім берудің күшін жою қажет;

6) интернатурада оқудың екінші жылын 4 негізгі бағыт бойынша өткізу;

7) салалық мамандықтар бойынша 4 айдан 8 айға дейін бастапқы мамандандыруды енгізу керек.

Осы айтылған мәселелер бойынша «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.