Саиров
Ерлан
Бияхметұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Бұқаралық спорт мәселелері

2021 жылы 1 қыркүйекте

жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрдің орынбасары

 Е. Л. Тоғжановқа

Депутаттық сауал

Құрметті Ералы Лұқпанұлы !

Токиодағы Олимпиада ойындары Қазақстанның спорт саласындағы жүйелі проблемаларды ашып берді.

Осыған байланысты, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің спорт даму мәселесіне өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракция депутаттарының жазғы кезеңде өңірлерге шығу іс-сапарларында жергілікті жерлерде спорт мәселелері бойынша көптеген сұрақтар туындады.

Біздің спорт саласында қарама-қайшылықтар өте көп!

Кейбір спорт объектілеріне ағыл-тегіл қаржы бөлінген. Мысалы, Шучинскідегі таулы шаңғы трамплині нысанына 38-млрд жұмсалған!

Ал спорттық нәтиже жоқ!

2021-жылы жоғары жетістік спортына 47 242 172,0 мың теңге бөлінсе, бұқаралық спорт дамуына бар жоғы 2 млрд 081 млн. теңге бөлінген

Балалар мен жасөспірім мектептері мен жаттықтырушыларының материалдық-техникалық мүшкіл жағдайын, ел ішінде жасөспірімдер арасында жарыстардың болмауын, балалар мен жастар спортын қолдаудың жүйесінің жоқтығын бастан кешіп отырмыз!

Барлық спорт федерациясына басшы болған ірі бизнес өкілдері спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес!

Еліміздің жасөспірімдеріне спорт тұрғысынан өсуге, дамуға ешқандай мүмкіндік бермей, квалификациясы жоғары жаттықтырушылар базасын жасамай, есесіне, «легионер-келімсектерге», пайдасы жоқ кәсіпқой клубтарға миллиардтарды төгіп жатырмыз.

Nur-Otan партиясының депутаттары бұл мәселені бірнеше дүркін көтерген.

Бүгін, Nur-Otan Фракциясы спорт саласын түбегейлі реформалау қажет деп есептейді!

Қазақстанның спорт саласы еліміздің ішкі адами капиталын пайдалануға және дамытуға бағытталуы тиіс.

1.Легионерлер мен түкке пайдасы жоқ «кәсіби клубтарды» қысқартып, ауыл-аймақтарда балаларды жаппай спортпен айналысу үшін жағдай жасау керек, ол үшін мектебі бар барлық ауылдарда заман талабына сай спорт залдарын салу маңызды!

2.Ауыл-аудан деңгейінде бала-жасөспірім спорт мектептерін қалыпқа келтіріп, олардың оқу-жаттығу әдістерін модернизация жасау қажет!

3.Облыстық әкімшіліктер жеке спорт түрлерінен «келімсектерді» қаржыландырғанша, облыстық спорт жарыстарын ұйымдастырып, жас жеткіншектерге жол ашатын жағдай жасаулары керек!

4. Қазақстанда салынған ірі спорт кешендеріне балалар мен жасөспірімдер бағасы өте қымбат болғандықтан дене шынықтыру, спортпен шұғылдана алмайды. Қарапайым халыққа, әсіресе біздің балаларға бұл кешендердің есігі «тарс жабылған»!

Осы мәселені шұғыл шешу міндет!

5. Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыра отырып, әр-түрлі озық халықаралық мектептермен тәжірибе алмасуды жолға қою маңызды. Шетте, басқа елдердің медаль қоржынын толтырып жүрген жаттықтырушыларды елге қайтару басты міндет!  

6. Барлық үнемделген қаржы Олимпиадалық спорт Федерацияларының материалдық-техникалық базасын арттыруға, жаттықтырушылардың моральдық, профессионалдық, материалдық деңгейін көтеруге, өз еліміздің жас спортшыларын тәрбиелеуге бағытталуы тиіс!

Біздің ұлттық потенциалымыз өте жоғары! Біз жақын арада дүниені дүр сілкіндіретін Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Бекзат Саттарханов сынды жаңа буынның шығатынына сеніміміз мол!

Нақты шешімдер қабылдауды және қарау нәтижелерін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауды сұраймыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«Nur Otan» партиясының фракция мүшелері                                                                   Е. Саиров

                                                                                                                                                   Б. Әбдіғалиұлы  

                                                                                                                                                   Е. Жаңбыршин

                                                                                                                                                   Н. Ожаев

                                                                                                                                                   А.Сарым

 

 

Орынд. : Т. Мұхсинова

Тел.: 74 64 08

E-mail:   Muhsinova@parlam.kz