Саиров
Ерлан
Бияхметұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Отандық аграрлық секторға көмек көрсетудің шұғыл қажеттілігі туралы

2023 жылғы 24 мамырда жарияланды

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Бүгінгі күні Қазақстанның аграрлық саласына сыртқы және ішкі факторлар әсер етуде, тәуелсіздік алғаннан бері осы саладағы жағдай өте қиын. 

Ресей мен Украина, соғыстың жалғасуына қарамастан, әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы болып табылады және көрші елдерге күшті бәсекелестік әсерін тигізуде.

Шығыс Еуропадағы мұндай көршілік, Украинаның мықты саяси қолдауына қарамастан, Еурокомиссияның украин өнімдерінің демпингінен зардап шегіп отырған елдердегі фермерлерді қолдауға қосымша қаражат бөлу қажеттілігін тудырды (бірінші рет 56 миллион еуро, екінші рет - 100 миллион еуро). Бұдан басқа, жергілікті фермерлердің наразылығы аясында Польша, Венгрия, Румыния, Словакия, Болгария өз өндірісін сақтау үшін Украинадан астық, тұқым, көкөністер мен жемістер, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа және т.б. әкелуге біржақты тыйым салды.  

Ресейден және Украинадан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігі қолайлы климаттық жағдайлардың, табиғи құнарлылықтың болуымен және егістік жерлердің, табиғи ресурстардың көлеміне негізделген төмен өзіндік құнымен түсіндіріледі, бұл көрші мемлекеттердің жағдайымен салыстырғанда осы елдердің үлкен бәсекелестік артықшылығын көрсетеді.

Ресейлік өнімнің демпингі есебінен Қазақстанның аграрлық саласы да осындай қысымға ұшырауда. Республиканың астық егетін Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы топырақ бонитетінің орташа балы - негізгі ресейлік астық егетін өңірлердің топырақ бонитеті балынан 2 есе төмен, сондықтан табиғи жағдайлардың әсерін ешқандай үздік аграрлық технологиялармен теңестіру мүмкін емес.

Қалыптасқан сыртқы факторлар аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ел ішінде проблемалар қордаланып қалғанын көріп отыр. Ең бастысы – қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын шектеулі қаржыландыру. Сонымен, бірқатар өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидиялар 50% ғана төленді; инвестициялық субсидиялар 30 – 40 % төленді, алынған қарыздар бойынша екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алды. Ағымдағы жылы бөлінген тауарлық субсидиялар өткен жылғы борышты өтеуге жұмсалды. Ағымдағы жылы өнімдерге субсидия берілмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған, инвестициялық субсидиялар және екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге арналған жаңа gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланбаған, субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдауға қабілетсіз, сонымен қатар өтінімдер берудің белгіленген мерзімдерінің өтіп кетуіне байланысты кәсіпкерлердің осындай субсидияларды ала алмай қалу қаупі артады.  Қолда бар қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидиялар алу мүмкіндігінің болмауы кәсіпкерлерді субсидиялау қағидаларында көзделген 6 %-дың орнына банктерге кредиттің толық мөлшерлемесін (17-19,5 %) төлеуге мәжбүр етеді, бұл онсыз да ауыр қаржылық жағдайды нашарлата түседі.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы орын алды. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра, форвардтық сатып алуға тек 4 млрд теңге бөлінді, бұл көптеген шаруаларды айналым қаражатынан шектейді дегенді білдіреді.

Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өткен жылғы деңгейден бір жарым есе көп болды (2022 жылы 7,9 млн тонна болса, ағымдағы жылы - 11,9 млн тонна), майлы дақылдар қоры 22 %-ға өсті (өткен жылы 1,4 млн тонна, ағымдағы жылы - 1,8 млн тонна). Бұл, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өсірілген егіннің едәуір бөлігін сата алмады деген сөз, сондықтан ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге жеткілікті қаражат жоқ.

Бұл ретте, бейресми деректер бойынша Қазақстанға Ресей Федерациясынан шамамен 2,5 млн тонна астық әкелінген.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге Ресей рублінің теңгеге қатысты диспаритеті де үлкен әсерін тигізеді. Егер бір жыл бұрын бұл арақатынас 1:8 (5-9) болса, қазіргі уақытта рубль бағамы 5,6 теңгені құрайды, яғни ресейлік тауарлардың құны бір жылда шамамен 2 есе төмендеді. Мұндай жағдай Қазақстан мен Ресей билігінің әртүрлі монетарлық стратегияларына байланысты қалыптасты. Қазақстанда инфляция деңгейін төмендету саясаты жүргізілуде және қайта қаржыландыру мөлшерлемесі өсіп келеді (қазір 16,75 %), Ресейге қатысты санкциялар, валюта түсімінің күрт төмендеуі, төмен инфляцияны қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 7,5 % деңгейінде ұстап тұруға және жергілікті өндірісті қолдайтын рубльдің төмен бағамына себеп болуда.

Осылайша, қазақстандық аграрлық сектор осы факторлардың ықпалына түсті (агроклиматтық жағдайлардың нашарлығы, өткен жылғы егін қалдықтарының көп болуы, ЕурАзЭқ елдерінің ашық шекаралары, рубль мен теңгенің диспаритеті, сондай-ақ субсидия төлемдерінің болмауы).

Бұл жағдайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық Банк түбегейлі маңызды мынадай шешімдер қабылдауы тиіс: инфляцияны басқаруға деген ұмтылысты теңестіру және отандық өндірісті қолдау.

Қалыптасқан жағдайды шешу жолының бірі бұл Ресейден ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге квотаны енгізу (ішкі нарықты қорғау үшін қазақстандық сатып алушылардың ресейлік астық нарығына қолжетімділігін жабу туралы біржақты шешім қабылдаған Ресейдегі жағдайға ұқсас), ал квота тек дәнді дақылдарға ғана емес, майлы дақылдарға, сүт, ет және басқа да өнімдерге қатысты болуға тиіс.

Анықтама: 2023 жылғы 10 сәуірден бастап Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автомобиль көлігімен бидай әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды.

Осылайша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау үшін мынадай шаралар қабылдау қажет деп санаймын:

1. 2022 жылға арналған субсидиялар (тауарлық субсидиялар, сыйақы мөлшерлемесі, инвестициялық субсидиялар) бойынша барлық борыштарды қысқа мерзім ішінде төлеу. 2023 жылы ағымдағы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

2. Ағымдағы жылы субсидиялар төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді көздеу;

3. Форвардтық сатып алу сомасын өткен жылғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту;

4. Ресейлік ауыл шаруашылығы өнімдерінің, оның ішінде астық, өнімдері, майлы дақылдар, сүт, ет және т.б. өнімдерге қолжетімділікті шектеу;

5. «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ қысқа мерзім ішінде ұсыныстың көптігінен туындаған ішкі нарықтағы жүктемені жеңілдету үшін Тұрақтандыру қорына кемінде 1 млн тонна көлеміндегі бидайды интервенциялық сатып алуы қажет;

6. Күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын алып тастау, бұл жыл сайын шілде-тамыз айларына келетін ішкі өңдеу қуатының маусымаралық тоқтау кезеңінде нарықты қолдауға мүмкіндік береді;

7. Ресей рублінің теңгеге бағамын 1: 7-8 дәлізінде теңестіру үшін монетарлық саясатты реттеу;

8. Инфляцияны төмендету және жергілікті тауарлар өндірушілерді қолдау мәселесін реттеу.

          Сауалға заңда көрсетілген мерзімде жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары                                                 Е. Саиров

                                                                                                                    К.Сейтжан