Жаңбыршин
Еділ
Терекбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы

Депутатқа хат
АЭжБУ - АУЭС – AUPET «Парасат» клубы «Республика күніне» арналған кездесу

Image title

«Парасат» клубының аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жаңбыршин Еділ Терекбайұлымен Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттерімен кездесу өтті.

🔸️Халқымыз үміттенген өзгерістерге орай өзінің ашықтығы, әділеттілігі, мәселенің шешімін дөп басатын нық ұстанымымен көпшіліктің көңілінен шыққан Еділ Терекбайұлы, әсіресе қаңтар оқиғасына қатысты қара қылды қақ жарған өткір ой-ұсыныстарымен жұрттың ризашылығына бөленген еді.

🔸️Айтулы азаматтың қалыптасуына біздің энергетика оқу ордасының да үлесі бар екен. Жылу энергетика мамандығының 1990 жылғы түлегі болғаны бізге мақтаныш. Тіпті алғашқы еңбек жолын бізде кафедра ассистенті болып бастаса, 20 жылға жуық жоғары оқу орындарында қызметте жүріп ғылыми ұстазы профессор А.М.Достияровтың жетекшілігімен ғылыми белестерге көтерілгенін білдік.

🔸️2021 жылдың қаңтарынан бастап - жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты және «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының тең төрағасы.

🔸️Сонымен студент жастармен болған кездесудің мазмұны тұнып тұрған мотивация. Терең білімді игеру, қазақша сөйлеу, жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру мен жетістікке жетудің жанды үлгісі Еділ Терекбайұлының бар болмысы болды.

🔸️Талаптанған, «Тәртіпке бағынған» мақсатына жетпей қоймас. Сондай қатаң сынақтан Алматы энергетика институтында оқу барысында өткенін жеткізді. Ауыл баласы орысшаны игеріп, үздік оқыды. Жатақханада студенттік кеңестің ұйытқысы да болыпты...

🔸️«Қазір туысқан-таныстарым баламызды қайда оқытсақ деп ақыл сұраса бірден Алматыдағы энергетика және байланыс университетіне бер, білім беріп, адам қылып тәрбиелейтін санаулы оқу орны сол» деп жол сілтейтінін айтып қалды.

🔸️Студенттердің «мемлекет гранты бойынша қалаған мамандығына балы жетпей мамандыққа амалсыз түскен студенттер бар» немесе «біз кім болатынымызды елестете алмаймыз» деген сауалдарына депутат Еділ Терекбайұлы: «егер энергетика болмаса әлемдегі бар қайнаған тіршілік тоқтайды. Энергия дамыған елдер өркениетінің кепілі. Сіз соның маманысыз. Сіз бұл мамандықпен мақтануыңыз керек», - деген жауабына біз де риза болыстық.

🔸️Студенттермен бір сағат уақытымызды тауысып, әңгімеміз қафедрада жалғасты. Расында да, Еділ Терекбайұлы тұлғалық жақсы қасиеттерді молынан жинақтаған екен. Рухының мықтылығы, түйіні қиын мәселенің шешімін «мүшелеп» беруі бәрі терең біліммен ұлттық рухани тәрбиеден. Ол туралы алған әсерлерімді жеке жазармын.

Ендеше Ұлықтың ұлы күні халқымыздың қалаулысы Еділ Терекбайұлына университет басшылығы атынан шексіз алғысымызды жеткізе отырып, баршаңызды мемлекеттілікті алған Ұлы мейрамдарыңызбен құттықтаймыз!

Image title

Image title

Image title