Жаңбыршин
Еділ
Терекбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р. В. Склярға депутаттық сауал

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Өзіңіз білетіндей, елімізде республикалық маңызға ие, ұзындығы 25 мың шақырым болатын автокөлік жолдары бар. «Автокөлік жолдарын 2022-2025 жылдары дамыту» Ұлттық жобасының мақсаты – осы жолдардың жағдайын әр жобаның белгіленген уақытында 100 % жақсарту.

Республикамыздың батысындағы ұзындығы 277 км. болатын «Атырау-Астрахань» жолының маңыздылығы көптен айтылып келе жатыр. Бұл жолмен Атырау қаласына 100 мыңнан аса халқы бар Исатай, Құрманғазы аудандарының тұрғындары қатынайды және көрші Ресей елінің Астрахань облысымен сауда-саттық, туризм, тұрмыстық қарым-қатынастар жасалады.

Жоспар бойынша 2019 жылдан басталып, 2022 жылы толық аяқталуы тиісті бұл жол, жоба жасаушылардың білімсіздігінен, оны қадағалайтын тиісті министрліктің салғырттығынан әлі аяқталған жоқ, тіпті қашан аяқталатыны да белгісіз?! 

Соның салдарынан, жол-көлік апаттары орын алып, жергілікті тұрғындардың наразылығы туындап келеді. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары араласуымен, министрліктің жауапты қызметкерлері жұртшылықпен арнайы кездесуде түсіндірме беріліп, біздің тарапымыздан жол мәселесі нақты бақылауға алынған болатын.

Оған қоса, жол құрылысына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.А. Өскенбаев өзі барып, биыл жолдың бетіне асфальт төселген соң, 2022 жылдың соңында халыққа пайдалануға жолды ашатындарын, ал жоба жұмыстарын түгелдей 2023 жылы аяқтайтындықтарын айтқан болатын. Сол кездесуде Министр өзі ай сайын осы жол құрылысын бақылауға барып тұратынын да айтқан.

Бірақ, министрдің уәдесі сұйылып барады. Міне, мамыр, маусым айлары да өтті, Министрде келді. Бірақ, бақандай төрт мердігері бар жол құрылысы әлі де орнынан қозғалмады. Трасса бойында 50-60 шақырым болатын, әлі де жолшының қолы тимеген учаскелер жатыр. Жол азабын жүрген білер демекші, қауқарсыз министрлік пен жауапсыз мердегердің себебінен халық зардап шегуде.

Жергілікті тұрғындар күте-күте шаршағандықтан жолды бақылауға алып, әлеуметтік желілер арқылы мұндағы сын көтермейтін құрылыстың барысын айтып, облыс, республика халқын құлақтандыруда. Осының бәрі халықтың Үкіметке, Ұлттық жобаларға деген сеніміне нұқсан келтіруде. Жолға керекті қаражат халықаралық қаржы институттары арқылы толық шешілген. Мердігер саны біз білетін жерде 4, олардың жалдаған субмердігерлері одан да көп. Бірақ, ең бастысы өкінішке қарай министрлік жұмысты ұйымдастыра алмай отыр.

Құрметті Роман Васильевич!

Сізден осы мәселеге өзіңіздің араласуыңызды, әлі де болса Атырау-Астрахань тас жолының маңызын жете түсініп, орын алып отырған жол апаттарының алдын-алу мен жол байланысын жетілдіру үшін, халықтың асыға күткен жобасын уақытында іске қосуды талап етеміз. Жол құрылысына өзіңіздің баруыңыз және жеке бақылауыңызға алуыңыз қажет.

Осы орайда,

Депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

«AMANAT» партиясы

Фракциясының және

«Жаңа Қазақстан»

депутаттық тобының мүшелері 

С.Нақпаев

Д.Тұрғанов

Н.Ожаев

Е.Бейсенбаев

Е.Жаңбыршин

С.Мусабаев

C.Имашева

М.Құлшар

М.Тәжмағамбетова

«Ақ жол»

 Қазақстан демократиялық

партиясы Фракциясының мүшесі

С.Ерубаев