Жаңбыршин
Еділ
Терекбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы

Депутатқа хат
Ұлы Отан соғысына аттанған майдангерлердің құжаттарын цифпландыру бойынша депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

2025 жылы адамзат цивилизациясында зардабы жөнінен бұрын соңды орын алмаған, миллиондаған адамдардың өмірін қиған, тағдырларын талқандаған екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толады. Қазақстан жерінде ұрыстар жүрмесе де, еліміз бұл қасіретті соғыстан тыс қалған жоқ. Әскерге 1,5 миллиондай адам шақырылды, оның 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қалды, қаншама майдангерлер мүгедек болып оралды. 271 мың адам із-түссіз жоғалып кетті. Майдангерлер мен тыл еңбекшілерінің ерлігін, артындағы ұрпағы ешқашан ұмытпауы тиіс. Өйткені, олар біздің жарқын болашағымыз үшін ұрыста қан төкті, маңдай терін төгіп, күні-түні еңбектенді.

Президентіміз Қ.К Тоқаев ҰОС ардагерлеріне қатысты былай деген болатын: «Қазақстаннан шақырылған әрбір екінші жауынгер майданда қаза тапты. Қаза болған батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Біздің міндетіміз – мұндай қайғылы оқиғаның қайталануын болдырмау». Шән мәнінде мемлекет басшысы екі үлкен маңызды мәселеге мән беріп отыр.

Біріншісі, қазіргі қалыптасқан геосаяси жағдайда бүкіл әлемді соғыс оты шарпып кетпеуіне жол бермеу.

Екіншісі, майданға аттанған әке-аталарымыз бен ана-апаларымыздың есімін мәңі жадымызда сақтау.

Басты мәселе 30 жыл Тәуелсіздігіміз кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың тағдыры туралы сенімді ақпаратты алатын, Ұлттық цифрлық платформа, яғни толық электрондық дерек қор әлі күнге дейін жасақталған жоқ. Майдангерлер туралы тарихи жадыны сақтап қалу мәселесі осы күнге шейін ашық күйінде қалып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша қазақстандықтардың тағдырын іздеуші ұрпақтарының саны 2 миллион адамнан асады екен.

Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары, тарихшылары және генеалогтары майдангерлерді іздеу үшін ресейлік «Мемориал», «Память Народа» сияқты электрондық дерек қорларды пайдаланады. Бірақ, бұлардың ішіндегі миллиондаған құжаттардан нақты қазақстандықтар туралы деректерді табу өте қиын.

Тағы бір мәселе, дерек қордағы құжаттар тек орыс тілінде жасақталған және онда Қазақстан Республикасының жергілікті қорғаныс департаменттерінде сақталған офицерлер мен жауынгерлердің бастапқы шақыру деректері жоқ. Құжаттар цифрланбаған және оларға 80 немесе оданда көп жыл болғандықтан әбден тозып кеткен.

Ресейдегі Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағаттардағы құжаттар да тозып бара жатыр және көршілеріміз, бірінші кезекте, өз майдангерлерінің мәліметтерін цифрландыруда.

Қазіргі таңда осы жұмыстармен жүйелі түрде тек үкіметтік емес ұйымдар айналысып жүргені бізді қынжылтады. Мысалы, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық ұйымның арқасында 1500 қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлері, майдандағы тағдырлары, жауынгерлік жолдары анықталған. Бұл қоғамдық ұйым ай сайын із-түссіз жоғалып кеткен 30-40 офицерлер мен жауынгелердің деректерін ағайын-тумаластарына тауып беріп отыр. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп 12 жерлесіміздің мүрдесін Ресей мен Украина жерінен қазып алып, туған топыраққа әкеліп, құрмет көрсетіп жерлеген. Қазіргі таңда бұл қоғамдық ұйым «Мәңгілікте қалған батырлар» ғылыми-зерттеу жұмыстарының жобасын жасақтады, бірақ оны толық аяқтап шығуға қаржылық қолдау керек.

Мемлекетіміздің бейбіт өмір сүріп, қыруар байлықты игеріп отырғаны, отан үшін от кешіп, ұрыс даласында елінің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде қалған майдангерлердің арқасында емес пе?! Ұмытылғандарымызды жаңғыртатын, жоғалтып алғандарымызды іздейтін уақыт келді емес пе? Қазіргі жастарымыз бен жауынгерлерімізді отансүйгіштікке,  тарихымызды құрметтеуге баулимыз дейміз. Неге Үкімет осы маңызды мәселемен жүйелі түрде айналыспайды, неге жан-жақты қолдау көрсетпейді?! Бұл, біздің, майдангерлер алдындағы парызымыз емес пе?

Құрметті Әлихан Асханұлы! Жоғарыдағы мәселелерді ескере отырып, келесі ұсыныстарды береміз:

1. Жергілікті жердегі барлық мемлекеттік органдар мен мұрағаттарда сақталған майдангерлердің құжаттары цифрландырылсын және оған қажетті қаржы  қарастырылсын. Мысалы «Қазақстан халқына» немесе «Самұрық Қазына» қорлары арқылы көмек жасуға болады (шығындар сметасы қоса беріледі).

2. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарын көпжылдық тәжірибелері бар, жүйелі жұмыстар атқарып жүрген қоғамдық ұйымға тапсырған дұрыс. Әйтпесе кім көрінген қаржыны тендерден ұтып алып, сауапты жұмысты, жауапсыз атқаруы мүмкін.

3. Ресей мұрағаттарындағы қазақстандық майдангерлердің деректерін цифрлап алып, Қазақстанға жеткізуді да тез арада қолға алу керек.

Сауалымызға заңда көрсетілген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.

Қосымша 2 парақта.

Құрметпен,

«AMANAT» партиясы

фракциясының депутаттары:                                          

Е. Жаңбыршин

Ғ. Әміреев

Е. Бейсенбаев

А. Жамалов

С. Мусабаев

С. Нақпаев