Дайрабаев
Жигули
Молдакалыкович

Член Комитета по аграрным вопросам Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
создание Агробанка

2023 жылғы 12 сәуірде жарияланды

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә.А. Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

           

«Ауыл» партиясының фракция депутаттарының алғашқы сауалы 280 мыңға жуық фермерлердің, мыңдаған сала мамандары мен ауыл кәсіпкерлерінің талабына айналған агробанк құру мәселесіне арналады.

Бұл тақырыптың биік мінберлерден көтеріліп жүргеніне он жылдан асты! Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің жауыр болған жауаптарын қолданбай, Үкімет басшысы ретінде агробанк құруға қатысты нақты позицияңызды айқындауыңызды сұраймыз.

2022 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесу барысында Сізге осы мәселені зерделеу керек деп айтқан болатын.

Біз агробанктің қажет екеніне сенімдіміз және мынадай дәлелдерді келтіреміз.

Біріншіден, «Аграрлық несие», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары бар болса да, олар арқылы берілетін несиенің көлемі өте аз. Фермерлердің бүгінгі қажеттілігі кем дегенде 2 трлн. теңге, елімізді аграрлық державаға айналдырамыз десек бұл қажеттілік 5 трлн. болады. Ал қаржы инситуттары арқылы берілетін қаражат оның оннан бір бөлігіне де жетпейді. Толыққанды банк ретінде жұмыс істей алмаған соң қаржы институттары қосымша кіріс көзін аша алмайды! Демек олар айналымдағы капиталын ешқашан да ұлғайта алмайды деген сөз!

Әрине сырттан қарыз алуға болады, бірақ «ҚазАгро» холдингінің 2012 жылғы қателігінен валюта құнының айырмашылығы бюджетпен, фермерлердің мойнына түскенін ұмытпайық..  

Екіншіден, жеке банкілердің агро саланы қаржыландыруға ынтасы өте төмен. Статистикаға сүйенсек, екінші деңгейдегі банкілер арқылы берілген 22 трлн. теңге кредиттің 13 трлн.-ы (немесе 58%-ті) жеке тұлғаларға, тұтынушылық мақсатқа кеткен. Жетекші банкілердің жылдық есептерін қарайтын болсақ, олардың кәсіпкерлікке берген кредиттерінің 97%-ы құрылыс, сауда, әйтеуір ауыл шаруашылығына қатысы жоқ салаларды қамтиды.

Ашық айтайын - банкілер ауыл шаруашылығын менсінбейді! Бірақ аудандарда филиалдарын ашып, фермерлердің есеп-шотын жүргізіп комиссиялық пайда табудан, депозит жинаудан қашар емес!

Ұлттық банкінің статистикасына оралайық. Дәл қазір екінші деңгейлі банкілердің депозиттерінің көлемі 19,4 трлн. теңгеге жетті. Халықтың 37%-ы ауылда екенін ескерсек, шамамен 7 трлн. теңге өңірлерден жиналған деп есептеуге болады. Осындай қаражатты қолда ұстай отырып, банкілер агросаланы қаржыландыруға қызығушылық танытпайды. Себебі, екінші деңгейдегі банкілердің барлығы - жекеменшік мекемелер! Депозит жинап, кассалық операция арқылы пайда тауып, қараптан-қарап байып отырған осы банкілерді кім реттейді? Оларды агросаланы несиелендіруге заңнама арқылы міндеттейтін заң нормалары да жоқ! Бұл қалай?

Бүгінгі күні «Аграрлы несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», тіпті «Бәйтерек» сияқты квазимемлекеттік мекемелердің қолы байлаулы. Себебі олар екінші деңгейлі банкі емес! Олардың әкімшілік шығындары бар, жұмыскерлерінің алатын жалақысы бар, провизия жинауы керек. Ал табатын кіріс көзі біреу ғана. Осы шығындарды берген несиенің үстемақысына қоспағанда не істейді? Әділдігін айтайық, жекеменшік банкілер ауылда отырып байиды, ал шаруаларға қызмет көрсетіп жүрген квазимемлекеттік мекемелер бәрінен сөз естиді, көпшілікке сүйкімсіз болып қала береді!  

Сондықтан да, Қазақстанның аграрлық саласына өзінің мамандырылған банкісі керек! «Ауыл» партиясының талабы осы!

Ресейде банкілік жүйе жоғары деңгейде дамыған, соған қарамастан мемлекеттің меншігінде агросалаға жауапты Россельхозбанкісі бар. Бірқатар мемлекеттерде дәл осы принциппен мамандырылған банкілер жұмыс істейді. Қазақстанда жоқ!

Аграрлы банкінің құрылуына қарсы адамдар ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі төмен, тәуекелдері көп екенін алға тартады. Біздің айтарымыз - олардың дәл осы жауаптары агробанкінің құрылуына бөгет емес, керісінше негіз болуы тиіс! Себебі екінші деңгейлі банк қана өзіне тән сантүрлі банкілік операцияларын атқару арқылы сондай тәуекелдерді реттей алады. Қазақстан аграрлы державаға айналуы үшін ең алдымен өзінің дербес агробанкісін құруы тиіс.

Сонымен қатар, қазіргі күні несиелендіру процесі шашыраңқы, фермерлер 35-ге жуық құжаттарды жинауға мәжбүр, шалғай жатқан ауылдардағы шаруалар қай мекемеге барып ақша алатынын білмей, шатасып жатады. Агробанк құрылса кәсіпкерлер сол жерде есеп шоттарын ашып жұмыс істейді. Шоттарындағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, сеніммен кредит бере алады. Қай жағынан қарасақ та, агробанк құру өте тиімді!

«Аграрлы несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және тағы басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мемлекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынамыз.

Қазақстанның даму банкі туралы арнайы заң бар. Қажет болған жағдайда «Ауыл» партиясының фракциясы «Қазақстанның Аграрлық банкі туралы» заң жобасына мұрындық болуға дайын.

Осы көтерілген мәселе бойынша заңнамаға сәйкес мерзімде нақты жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Жигули Дайрабаев, Серік Егізбаев, Анас Баққожаев, Қарақат Әбден, Николай Арсютин, Ерболат Саурықов, Таңсауле Серіков және Аян Зейнуллин.

Айта кету керек, Мәжілістегі көп депутаттар агробанктің құрылуына қолдау білдірді.