Нурумова
Гульдара
Алданышевна

Член Комитета по социально-культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Төтенше жағдай орын алған Жамбыл облысында зардап шеккен егіншілердің су тапшылығы мәселелерін шешу.

2023 жылы 6 қыркүйекте жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрдің

бірінші орынбасары

Р. Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Роман Васильевич!

Ауыл шаруашылығы мәселелері әрқашан «Аманат» партиясының бақылауында.

2023 жыл еліміздің, әсіресе оңтүстік өңірі шаруа қожалықтары үшін қиын болып отыр. Соның ішінде, Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай енгізілді. Ең қиын жағдай Қордай ауданында қалыптасты.

Осыған дейін облысымызда қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап облыстың 6 ауданында Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен («Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі») жалпы құны 40,0 млрд. теңге құрайтын 2 жоба жүзеге асырылып бастаған. Аталған жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК-ны болып табылады.

Айта кету керек, аталған 2 жоба 2021 жылы бітіп, жалпы 114 мың гектар алқапты сумен қамтуы керек еді.

Алайда, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» РМК тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты Үйлестіру кеңесінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі хаттамасымен осы жобалардың аяқталуы 2023 жылғы желтоқсанға ауыстырылған және атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді.

Егістік алқаптарға айналма арналар арқылы берілгендіктен 30 пайызға дейін судың шығынына алып келуде.

Бүгінгі таңда жобалар аясында жоспардағы 54,0 мың гектардың тек 34,0 мың алқап қана ағын сумен қамтылған.

Жауапты мекемелер мен тұлғалардың қызметінің салғырттығының кесірінен 20 мың гектарға жуық жерді иеленіп отырған шаруалар шығынға белшесінен батуда. Енді бюджеттен бөлінетін қаржы әр зардап шеккен шаруаға әділ түрде жетуі керек. Бұл қалай қадағаланады?

Шаруаларды сумен қамту үшін сырттан алынған қарыздарды қалай және кім өтейді?

Бұдан бөлек, ағын суды алу бойынша көрші Қырғыз мемлекетіне тәуелділік деңгейі бар облыс ретінде, қырғыз билігімен жүргізілген келіссөздердің уақытылы жасалмағандығы аталған мәселені ушықтырып отыр. Неліктен алдын-алу шаралары дер кезінде қабылданбады? Бұл мәселеге нақты кім жауапты?

Президентіміз өз жолдауында «Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу - аса маңызды міндеттер» - деп атап өтті.

Біздің мемлекетімізде осындай өрескел қателіктердің болуы - нақты ешбір жауапты тұлғаның өзінің әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін тиісті құқықтық жауапкершілікке тартылмауының салдары деп санаймыз. Аталған қателіктер еліміздің кез келген саласында қайталануы мүмкін. Осы себепті әрбір жауапты тұлғаның өз қызметі үшін нақты жауап беретін кезі келді деп есептейміз.

Аталған мәселе бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, жауапты тұлғалар осы мәселе үшін жауап беруі тиіс.

Сізден жоғарыда аталған мәселелер бойынша «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, 

 

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                                          Г. Нұрымова