Сарым
Айдос
Әміроллаұлы

Секретарь Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
САНАҚТЫҢ САЛМАҒЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ А.Ұ.МАМИНГЕ

 Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Өзіңізге мәлім, әлемде орын алған пан­демиялық ахуалдарға, басқа да саяси-әлеу­меттік мәселелерге байланысты өткен жылы өтуі тиіс халық санағы биылға ауыстырылды.

2021 жылғы 29 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында халық санағын ұйымдастыру мәселелерін мазмұндық жақтан байыту керектігін айта келе, арнайы жұмыс тобын құруды тапсырған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілігімен санақты ұйымдастыру жөнінде құрылған арнайы комиссиясының бірінші отырысы да өтті. Яғни ұлттық санақ биыл, 1 қыркүйекте басталып жалғасы қазан айына жоспарланып отыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық статистика бюросы «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» ЗТБ-мен бірлесіп жұмыс жүргізгенін, нәтижесінде әлсіз тұстар күшейтіліп, байланыс арнасы кеңейгенін мәлімдеді.

Санақ – Тәуелсіз мемлекеттердің тарихында әр 10 жыл сайын өтетін ірі саяси оқиға. Өз алдына жеке ел болғалы Қазақстан үшінші рет халық санағын өткізгелі отыр, алдыңғы екі санақ түрлі саяси-әлеуметтік кезеңдерде қандай әдістермен қалай өткені баршамызға мәлім.

Ал биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде өткелі отырған бұл халық санағына ерекше екпін беруіміз қажет.

Ұлттық санақ – тек жан басы мен мал басын, жынысы мен тұрмысын қағазға түсіріп, қандай әлеуметтік топтар барын білу үшін ғана емес, саяси-тарихи әлеуметтік өзгерістерді сараптау, демографиялық жағдайды бағамдау, тілдік және діни қатынастарды зерттеу, ішкі-сыртқы миграция мен ассимиляцияны анықтау арқылы болашаққа бағдар, санақ мәліметтерін интеграциялап белгілі бір межеге саяси жоспар құру. Осы кезеңге дейінгі түрлі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жобалар 2009 жылғы санақ пен динамикаға негізделген. Санақ кезінде нақты және жүйелі жүргізілген жұмыс өз кезегінде алдағы он жылдың негізгі базалық мәліметтері ретінде мекен-жай, баспана жағдайы, этно-мәдени сипат, білім мен сауат, көші-қон, неке, туу, ажырасу, жұмыспен қамту, салық, күнкөріс сынды сауалдан бастап, мәдени-әлеуметтік, саяси-экономикалық, тіпті мемлекеттің қауіпсіздігі бағытында болжам жасауға ықпал ететін үлкен оқиға. Сол себепті өткен санақтардың қателіктерінен сабақ алып, санақ жүргізудің дәстүрлі әдіс-тәсілдерін қайта екшеп, заманауи мүмкіндіктерді басшылыққа алған лазым. Мысалы, 2009 жылғы санақта әртүрлі қателік орын алмай қалған жоқ. Мәселен, бірінші жарияланған мәліметте мемлекет құрушы қазақ ұлтының үлес салмағы 67 пайыз деп көрсетілсе, екіншісінде 63 пайызға дейін төмендетілді. Дәл сол уақытта орыстілді басылымдарда «славян тектес этностардың саны әдейі бұрмаланды» деген алыпқашпа ақпаратқа жол берілді. Санақ нәтижелерінің күмән тудыруына себеп болған бірінші мәселе – жемқорлық, екінші – санақтың дұрыс жүргізілмегендігі. Мәселен, мекен-жайы өзгерген тұрғындарды екінші тұрғылықты орнына санақшылардың іздеп бармағаны ­туралы көп дерек кездесті. Және ішкі, сыртқы көші-қон жағдайымен жүрген азаматтар не санға, не санатқа кірмей қалды. Сондай-ақ санақ қорытындысын шығарған комиссия анкеталарды жинақтау, мәліметтерді жүйелеу кезінде салғырттық, немқұрайдылық танытты. Яғни мәліметтер дұрыс жинақталмады деген қорытынды жасауға болады. Сарапшылардың мәліметінше, кейінгі 5-10 жылдан бергі халық өміріндегі өзгерістер мен демографиялық саладағы жағдайды, әлеуметтік саладағы түрлі қайшылықтарды білмей тиісті орындар бірқатар асығыс шешім қабылдаған. Демек, халық санағы заманауи әдістерге сүйене отырып, таза және кәсіби түрде жүзеге асырылуы маңызды. Сондықтан санаққа кезекті бір есепті науқан ретінде емес, аса маңызы бар ірі саяси, тарихи оқиға ретінде қарау қажет.

2021 жылы қыркүйек-қазан айларында өтетін ұлттық санақ – жаңа Қазақстанның жаңа бейнесін анықтауы тиіс. Тарихи өлшеммен алғанда 10 жыл деген түк емес, бірақ мемлекетте болып жатқан өзгерістерді нақты бағамдауда онжылдық едәуір мүмкіндік беретін кезең.

Алдағы санақтың басты жаңа­лығы – қазіргі заманғы цифрлы техноло­гия­лардың енгізілуі. Яғни санаққа дайындық жүргізу және өткізудің жекелеген кезеңдерін, оның материалдарын өңдеу, қорытындысын таратудың толық айналымын автоматтандыру үшін отандық және шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, жаңа технологиялық шешімдер базасында деректерді өңдеудің кешенді автоматтандырылған жүйесін құру ұсынылды. Санақты өткізу, нәтижелерін сараптау кезінде халықтың және тұрғын үй қоры статистикасының тіркеуі өте маңызды. Сондай-ақ бизнес құрылымдары мен ауылшаруашылық саласының статистикасы да ортақ жүйе үшін қажет. Бұған дейінгі санақтарда тиісті құзырлы органдар мен аймақтардан жинақталған материалдардың жүйесіздігі, мәліметтік базаның сәйкес келмеуі ұлттық санақтың жалпы қорытындысына кері әсерін тигізді. Сондықтан Ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz сайтындағы 2021 жылғы 1 қаңтарға дейінгі барлық мәліметті мұқият зерттеп шықтық. Халықтың табиғи өсімі, туғандар мен өлгендердің саны, тіркелген некелер, ажырасулар, нәрестелер өлімі, ішкі және сыртқы көші-қонның коэфиценттері ай-жылымен бәрі бір жүйеге түскен екен.

Мәлім болғандай, биылғы санақ екі түрлі әдіспен, жүзеге асырылмақ: біріншісі – sanaq.gov.kz сайты арқылы интернет-сауалнама жүргізу, екіншісі – қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, онлайн режимде санақтан өтпеген респонденттерді үй-үйді аралау арқылы айқындау, әрине, соңғысы дәстүрлі тәжірибе.

Президент сауалнамалар мазмұны жоғары болуы қажеттігін және азаматтарды көп мазаламай, халық санағы әдістерін оңтайландыру үшін заман талабына сай сандық технология­ларды тиімді пайдалану керектігін арнайы құрылатын жұмысшы тобына тапсырды. Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары қайта пысықталу үстінде. Осы орайда, ұлттық санақты өткізудің тиімділігін арттырып, қоғамдық өмірімізге енген инновациялық тәсілдердің жемісті болуы үшін жауапты үкіметтік құрылымдар мына жайттарды қадағалауына алуды ұсынамыз.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі жақында «Nur Otan» фракциясының Үкіметпен кеңейтілген жиналысында елімізде 6400-ден аса елді мекен барын, оның 5300-і интернетпен қамтылғанын, 1200 елді мекендерде интернеттің мүлде жоқтығын және алдағы екі жылда жүзеге асатынын айтты. Елді мекен түгіл, кейде шағын қалалар мен кейбір аудан орталықтарында жылдамдығы жоғары сапалы интернетке қол жеткізе алмай қаласың. Сондықтан Бірінші кезекте ірі қалалар мен облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан аудандар мен елді мекендерді сапалы интернет жүйесімен барынша толық қамтамасыз ету. Бұл – материалдық, еңбек және қаржылық шығындарды қысқартып қана қоймай, санақтан кейін де ел-халықтың күнделікті тіршілігіне тыныс беріп, күн тәртібінен түспей тұрған ауыл халқының денсаулық, қаржы, өзге де әлеуметтік салаларды электронды түрде жүйелеуге жол ашады.

Екінші, шағын қалалар мен аудан-ауылдардағы осы жұмысқа тартылатын тиісті мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, жаңа технологияны меңгеру үшін арнайы даярлықтан өткізу, картографиялық материалдарды әзірлеу біліктілігін қамтамасыз ету.

Үшінші, санақ жауапкершілігін сезін­діретін көрнекі ақпараттық мәліметтерді ашық және түрлі форматта түсінікті етіп насихаттау. Телеарналар мен радиоларда арнайы бағдарламалар түсіру, басылымдарда зерттеу мақалалар ұйымдастыру, сарапшы-мамандардың пікірлерін әлеуметтік желілерде ықшам және жылдам тарату, кезең-кезеңімен жүзеге асқан жұмыстарға қатысты ақпараттарды дер кезінде халыққа жеткізіп отыру.

Осы жайтты назарыңызға сала отырып, заңнамада көрсетілген мерзімге сәйкес сауалымызға жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, депутаттар,

«Nur Otan» партиясы

фракциясының мүшелері   

Ж.ӘШІМЖАНОВ

А.САРЫМ

http://anatili.kazgazeta.kz/news/58996