Сулейменова
Жулдыз
Досбергеновна

Член Комитета по социально-культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Нұр-Сұлтан қаласында мектептерді аралауды Қайым Мұқамедханов атындағы №90 гимназиясынан бастадым.

https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=4786044368107887&id=100001071131503

Құрметті достар!

Баршаңызға белгілі, Нұр-Сұлтан қаласының шеткі аймақтарының бірінде орналасқан Қайым Мұқамедханов атындағы №90 гимназиясында «Кітап сыйла» акциясына қатысып, мектептің директоры, білім саласының жанашыры Аятжан Ахметжанұлы және гимназия ұжымымен қараша айында кездескен едім.

Сол кездесу туралы ой бөліскім келеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің негізгі іс-шаралар жоспары аясында Әлеуметтік-мәдени даму комитеті 2022 жылдың мамыр айында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған «XXI ғасыр: Қазақстан мектебінің моделі» тақырыбында отырыс өткізу жоспарланған. Осы орайда, бүгінгі таңда, Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Түркістан облысы және Солтүстік Қазақстан облысындағы орта білім беретін мектептерді көріп, тәжірибемізбен бөлісіп келемін.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласында мектептерді аралауды Қайым Мұқамедханов атындағы №90 гимназиясынан бастадым.

Мектептің қабырғасы да балаға эстетикалық һәм рухани тәрбие беруі маңызды. Бұған арналған тұтас педагоикалық концепциялар бар. Мен барған №90 гимназия оқушы мен мұғалімге қолайлы білім беру ортасы және жақсы жабдықталған пәндік кабинеттерімен ерекшеленді. Мектептің тазалығына риза болдым. Барлық блоктардың, рекреацияларының және пәндік кабинеттердің мазмұндық, патриоттық тұрғыдан безендірілуі ұжымның және мектеп директорының креативтілігі, руханилығы. «Кітап сыйла» акциясының өз мәресіне жеткен күні оқушылар ұстаздарымен өлең оқыды, әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Оқылған өлең, айтылған ән және күмбірлеген күй барлығы гимназиядағы тәрбиенің тарих сабақтары арқылы өрнектелгендігімен көңілімді қуантты. Ата-аналар да кітап сыйлап, мектеп кітапханасының әдеби кітаптармен толығуына атсалысқан. Кітапханашы апайға марапат тапсырылды. Бәрі орынды.

Мектепте 1-ші сыныптан 6-шы сыныпқа дейін міндетті домбыра пәні енгізілген. Соның арқасында 90 баладан тұратын домбыра оркестрі бар. №90 гимназия және 90 баладан тұратын домбыра оркестрінде символикалық мән жатыр. 90 баланың домбыра үйренетін бөлек кабинеті бар. Күй атасы Құрманғазының суретімен бейнеленген балаларға өте қолайлы жабдықталған. Басты ерекшелігі, аяқ киімді шешіп кіру керек. Жалпы, сыныпқа аяқ қиімді шешіп кіруді алғаш рет Финляндияда Оулу қаласында Мұғалімдердің біліктілігін арттыру басқармасының ғимаратында көрдім. Сол кезде, Оулу қаласы Мұғалімдердің біліктілігін арттыру басқармасының Деканы оның психологиялық артықшылықтары туралы айтқан болатын. Финляндияның көптеген мектептерінде балалардың еркін үйіндегідей қолайлы ортаның жасалуына көп көңіл бөлінеді. Тіпті, мектептегі қолайлы білім беру ортасы оқушылардың білім сапасына оң әсер ететіндігі туралы зерттеулері де бар.

Тағы бір ерекшелік: рекреация, пәндік кабинеттердегі патриоттық рух және тарихи сабақтастыққа жаңаша мазмұн берілуінде. Алғашқы қазақ ұстазы, ағартушылары, Алаш зиялыларының өкілдері, ғалымдарының суреттерімен бірге бейнеленген QR-кодтар арқылы осы тұлғалар туралы фильмдерді көре аласыз.

Гимназияның басты ерекшелігі: директор, педагогтар ұжымының біліктілігі, креативтілігі және отансүйгіштік идеяны жүзеге асыруға зор құлшыныстары, патриоттық тәрбиеге негізделуі.

Гимназия ұстаздарының тарапынан материалдық дүниеге емес, педагогикалық қызметке байланысты кәсіби сұрақтардың қойылуы және тарихи кезеңдердегі қазақ мектептерінің даму үлгісі тақырыптарын талқылауы өте қуантты. Бұл кездесуде Жас, өздеріне сенімді, зерделеуші, коммуникативті, еліміздің болашағына еңбегімен үлес қосқысы келетін Ұстамды, педагог принциптеріне адал және ойлы мектеп мұғалімдерімен пікірлестім. Бұл кездесу жаңа бастамаларға және идеяларға негіз болды. Осындай ізгі ұстаздар ұжымына және басшысы Аятжан Ахметжанұлына ризашылығымды білдіремін!

Мұның барлығы ең бірінші, Еліміздің Тәуелсіздігі және мемлекет басшылығының білім саласын дамытуға арналған Жан басына шаққандағы қаржыландыру секілді шараларының нәтижесі. Білім саласының дамуы қоғамның дамуы. Осы жолдағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

#deputatnurotan