Сулейменова
Жулдыз
Досбергеновна

Член Комитета по социально-культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
facebook желісі, instagram желісі

http://https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=pfbid02fngNGSbBUt6dX2eAbHLqL5WW1paaT42VNTbErjK3rAoh37PK4k26djVtvNvwRjKTl&id=100001071131503&mibextid=Nif5oz https://www.instagram.com/reel/CtovRGVA0NM/?igshid=NjFiZTE0ZDQ0ZQ==


Құрметті достар!

Тарихи деректерде осыдан 3 ғасыр бұрын, 1726 жылы бүгінгі біз бас қосқан тарихи мекенде,  Ордабасы маңында  ұлттық  Құрылтай өткен. Онда біздің Төле би бастаған  сөз ұстаған билеріміз, даңқты батырларымыз, ділмәр шешендеріміз  қазақты   ел ғып сақтап қалу жолындағы  құнды ой-пікірлерін ортаға салған.  Сол 3 ғасырдан бері талай тар жол, тайғақ кешуден өттік.

Тіпті соңғы 3 жылдан бергі тарихымыз да небір күрделі кезеңдер көз алдымызда.

Қиын сәтте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бізді ұлт боп ұйысатын тура жолға, бабалар сүрлеуіне  салды. Ол — ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңа заманның ағымына ілесіп, барар бағытымызды айқындау үшін Құрылтай шақыру.   Құрылтайдың былтыр ұлт ұлысы Ұлытауда, биыл киелі де қасиетті өңір Түркістанда өтуі де біздің бойымызда бабалардың асқақ  рухын  ояту үшін жасалып жатқан әрекет деп ойлаймын.

Ұлттық Құрылтайдың жоғары мінберінде, әлемді мойындатқан ойшыл дана бабамыз Әл-Фарабидің туған жерінде ағартушылық пен рухани-идеологиялық даму бағыттарына қатысты  ұсыныстарымды айттым.

Бірінші. Барлық білім беру ұйымдарында білім және тәрбиенің тұтастығын жүзеге асыруға ден қойып, білімнің тәрбие компонентін күшейтуге басымдық беруіміз керек. Себебі, білім беру жүйесі аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыру өте өзекті болып тұр.

Қазіргі уақыттың талабына сай, білім беру жүйесі технологиялық бағытқа ерекше ден қойғанымен, адамгершілік және ұлт руханиятынан қол үзген технократизм бізді ұшпаққа шығармасы анық. Рас,  өтпелі кезеңде біз отбасының бала тәрбиесіндегі ролін кемітіп алдық. Сондықтан қоғамда  бала тәрбиесі тек мектептің мойнында деген қасаң түсінік қалыптасты. Тәрбиесіз берілген білімнің  кей жерде «бас жарып, көз шығаратынын»  көріп отырмыз. Өскелең ұрпақтың моральдық, мәдени және психологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын негізгі институт мектеп болып қала беретіні рас,  бірақ отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін естен шығармайық. Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтынын ұмытпайық.

Бұрын қазақ баласын «Ұят болады»,  «Обал болады», «Жаман болады» деген үш-ақ  сөзбен тәрбиелеген болатын. Отбасылық тәрбие осыдан басталатын. Ұят пен обалды білген ұрпақ артық іс-әрекетке бармайтын. Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік десек, сол тұнық бастауымызға қайта оралғанымыз жөн.

Екінші. Кітап нарығын дамыту және реттеу туралы.

Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, еліміз дамуы үшін балалар кітап оқуы керек. Кітап болғанда да, баланың ойлау жүйесін дамытатын, қарым-қабылетін арттырып, жаңа кеңістікке жол ашатын кітап болуы  керек. Ол кітаптар және қолжетімді болуға тиіс.  Сол үшін де тәуелсіз кітап индустриясын субсидиялауға ден қойып,  отандық баспаларға қолдау көрсеткен абзал. Байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әсіресе, шалғай ауылдарындағы оқырманға кітапты жеткізудің жолдарын қарастыру өзекті.  Кітап нарығын реттеудің негізгі жолдарының бірі – әдебиеттің сапасына, авторлық құқықты қорғауға, кітаптардың бағасын,  сатылым нүктелерін реттеуге және  т.б. нормалар мен талаптарды белгілей алуын арнайы Заңмен бекітуге депутаттық корпус атынан мәселенің шешіміне үлес қосуға әзірміз.

Сонымен қатар, мемлекет жергілікті баспагерлер мен сатушыларды қолдау үшін субсидиялар, салық жеңілдіктері, үздік кітаптарға конкурстар және т.б. сияқты бағдарламалар мен қолдау тетіктерін енгізе алады. Кітап нарығын реттеуде әдебиеттердің сапасына және мазмұнына қоғамдық бақылау енгізу аса қажет.

Кітап нарығын реттеудің тағы бір жолы – кітапхана инфрақұрылымын қолдау, кітапханашылардың статусын бекіту. Бұл жұмысты AMANAT партиясы фракция мүшесі ретінде Үкіметпен бастап кеттік. Кітапханаларды дамытуға қаражат қарастыруға, кітапханаларға,  әсіресе,  ауылдық жерлердегі кітапханаларға қажетті әдебиеттерді сатып алуға жеңілдіктер қарастырып,    кітапханашылардың статусын белгілеу үшін депутаттық сауал жолдап, Заңға өзгерістер енгізудеміз.

Осы мәселелерді ортаға салдық.

Осы сұрақтардың шешімі табылса,  ұлтымыздың бір жоғын түгендеп, жаңа қадам жасауына  мүмкіндік туғызған болар едік.  

Дана Төле би бабамыз «Халқыма елдік пен ерлік бер, соны ұстап тұрар даналық бер» деген екен. Елдігіміздің  іргесін бекітеміз десек,  ұлттық болмысымызды сақтай отырып қана  заман ағымына ілесуіміз керек. Бүгінгі ерлігіміз сол болмақ. Сонда ғана аяғымызға нық тұрып, жаңа тұрпатты Қазақстанды орнықтырар едік.

Амандық болсын.