Сулейменова
Жулдыз
Досбергеновна

Член Комитета по социально-культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
2021 жылғы 6 қазанда депутаттық сауал жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. А. Смайыловқа

2021 жылғы 6 қазан жарияланды

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

«Nur Otan» партиясы – сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз етуді ел дамуының басты факторы ретінде айқындайды. Мемлекет басшысының Жолдауында жаңа мектептер санын 800-ден 1000-ға дейін арттыру тапсырылды. Алайда, аталған проблеманы түпкілікті шешуде әлі де түйінді мәселелер бар. 

Ең басты мәселе, мемлекеттік бюджет қаражатының дұрыс жоспарланбауы. Білім объектілерінің құрылысы бюджет есебінен үнемі жеткіліксіз қаржыландырылуда. Атап айтқанда, қазір мектеп құрылысына жан басына шаққандағы нормативті есептеу әдістемесі 6 айлық есептік көрсеткіш базалық тарифіне негізделген. Алайда, 2019 жылы республикалық бюджет комиссиясының шешімімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес үш ауысымды, апатты мектептерді және оқушы орны тапшылығын жою үшін мектеп құрылысына базалық норматив 6 айлық есептік көрсеткіштен                      9 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілген. Яғни, 6 айлық есептік көрсеткіштің мектеп салуға жеткіліксіз екендігі 2019 жылдың өзінде белгілі болған.

Осы кезге дейінгі есептеулер ескі нормативтермен жүргізіліп келеді. Биыл жалпы сипаттағы трансферттерден 200 мектептің құрылысына                                        95,7 млрд.теңге көзделген. Қосымша қаражат 53,0 млрд. теңге жұмыспен қамтудың жол картасынан бөлінді. Аталған  қаражаттардың аймақтарға дер кезінде жетпеуінен бүгінде 13 мектеп мерзімінен кеш берілмек. Бюджеттің дұрыс жоспарланбауы салдарынан жергілікті атқарушы билік органдары мектептерді уақытылы эксплуатацияға енгізуде қосымша қаражат іздеуге мәжбір.

Ең өкініштісі, жаңа бюджеттің жобасында осы жағдай қайталанып отыр. Мәселен, келесі жылға 200 мектептің құрылысына жалпы сипаттағы трансферттерден 104,0 млрд.теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд. теңгеге аз. Тек құрылыс материалдары бағасының 30%-ға өскенін ескерсек, бүгінгі күннің өзінде бұл қаражаттың жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Қаражат тапшылығы кем дегенде 50 млрд.теңгені құрайды. «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы белгіленген тапсырмалардың қаражаттың дұрыс бөлінбеуінен орындалмау қауіпі жоғары екенін атап өтеміз.

Екінші мәселе. Мектептер құрылысына арналған трасферттерді есептеудің қолданыстағы әдістемесі оқушылар контингентіне сүйенеді. Бұл, әрине, өте маңызды және әділ. Бірақ ол тек туу деңгейі жоғары аймақтардың мәселелерін шешеді. Ал мұндай тәсіл кезінде елді мекендері аз облыстар мектептер салу және қайта жаңарту үшін қаражат ала алмайды, авариялық объектілер проблемасы шешілмейді. Дегенмен, бүгінде өнеркәсібі дамып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен қоныс аудару қарқынды жүріп жатқан солтүстік және шекара маңындағы өңірлерде де мектептер салу проблемасын оңтайлы шешу маңызды.

Үшінші мәселе. Мектеп құрылыс стандарттарының ескіруі және мектептер салуға арналған типтік мемлекеттік жобалардың болмауы. Құрылыс стандарттарын жаңартылған білім мазмұнына, инклюзиялық білім негіздеріне сай жетілдіру, сапалы білімге барлық оқушылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.

«Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелері ретінде келесі ұсынымдарды жолдаймыз.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1000 мектепті салу жөніндегі ведомствааралық кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдау қажет.

          Аталған кешенді іс-шаралар жоспары мектептер салуға және оларды күтіп ұстауға өңірлер бөлінісінде оқушы орындары тапшылығының экономикалық сараптамалық болжамын жүргізіп, әрбір ауыл, аудан орталықтары, шағын қалалар, қала, облыс орталықтары және республикалық маңызы бар қалалар бөлінісінде оқушы орны тапшылығына сараптамалық талдау жасалуы керек. Білім объектілері құрылысының оқушы орны тапшылығын жоюдағы негіздемесін әзірлеу қажет. Мемлекеттік бюджеттен мектептің жұмысын ұйымдастыру және ғимаратын күтіп ұстауға бағытталатын қосымша шығындарды жоспарлау үшін педагогикалық, әкімшілік және техникалық персоналдың санын, ғимараттың ауданын анықтау, өңірлер бөлінісінде салынып жатқан білім объектілерінде жаңартылған жабдықтармен және білім беру процесінің озық әдістемелерімен қамтамасыз ету тетіктері әзірленуі қажет. Сонымен қатар, тұратын территориялық аймағы мен әлеуметтік тұрмыс деңгейіне қарамастан, барлық балалардың сапалы білімге тең деңгейдегі қолжетімділігін қамтамасыз ету, инклюзивті білім беру ортасын құру тетігін әзірлеу керек. Әлеуметтік объектілерге, оның ішінде білім объектілері құрылысына байланысты сатып алу рәсімдерін қайта қарастыруды сұраймыз.

Келесі жылдан (2022 жылдан) бастап мектептер құрылысына 9 айлық есептік көрсеткіш базалық тарифін қолдану.

Халқы аз өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыру әдістемесін қайта қарау.

МЖӘ (мемлекеттік жекеменшік әріптестік) шеңберінде салынатын мемлекеттік мектептер үшін мемлекеттік типтік стандарттарды бекіту.

Мектептердің құрылыс стандарттарын жаңартылған білім мазмұнына, инклюзиялық білім негіздеріне сай жетілдіру.

Салынатын жаңа мектептер – білім саласындағы жасампаз өзгерістерге жауап беруі қажет. Бұл ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеуде өте маңызды.

 

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаттары,

«Nur Otan» партиясы

Фракциясының мүшелері                                     Ж.Д. Сүлейменова

                                                                                  Е.В.Смышляева