Тау
Нургул

Секретарь Комитета по социально - культурному развитию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Касательно актуальных проблем отечественного кино

«Respublica» партиясының жанынан «Respublica алаңы» сарапшылар кеңесі құрылып, алғашқы отырысында отандық киноиндустрия төңірегіндегі өзекті мәселелер көтерілген болатын. Осы саланың білікті мамандары мен кәсіби сарапшылар тарапынан бірқатар ұсыныстар түсті.

Бүгінгі таңда елімізде отандық кино жаңа серпіліс алып, кино өндірісі қарқынды дамып келеді. Алайда, бұл салаға шұғыл шешімдерді қажет ететін маңызды мәселелер бар.

Бірінші мәселе – кино саласында еңбек етіп жүрген адамдардың қауіпсіздігі және олардың әлеуметтік жағдайы. Өкінішке қарай, бүгінде, кино түсірілім алаңдарында адам өміріне қатысты қайғылы жағдайлар орын алған фактілер бар.

Осы орайда, кино саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың жағдайын жақсарту мақсатында сала мамандарына арналған өндірістегі жарақаттармен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды, және әлеуметтік кепілдіктерді заңнамаға енгізу қажет екендігін атап өтеміз.

Екіншіден, Қазақстанда кинотеатр тапшылығы байқалды. Ресми статистикаға жүгінсек, еліміздегі ірі қалаларды қоспағанда, бір облысқа орташа есеппен 4 кинотеатрдан келіп тұр.

Біз бұл мәселе бойынша, тұрғылықты халық санын ескере отырып, кинотеатры жоқ аудандарда Үкіметтің ықпалымен және кәсіпкерлердің қолдауымен кинотеатрлар ашуды ұсынамыз.  

Үшіншіден, отандық кино түсірушілер өздерінің фильмдерін үлкен экранда көрсетуге мүмкіндік алу үшін ірі американдық киностудиялардың өкілдеріне (Sulpak Cinema, Меломан) жүгінуге мәжбүр.

Отандық кино түсірушілерді қолдау мақсатында барлық кинотеатрлардың сеанстарында, оның ішінде прайм-тайм уақыттарында, Қазақстанда шығарылған киноларға арналған көрсетілім квотасын енгізуді ұсынамыз. Аталған квотаны Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін және отандық фильмді көру үшін бастапқы уақытта сатылған билеттердің жалпы санын ескере отырып, енгізген жөн.

Төртіншіден, кинонарық субъектілерінің «ашық» жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін кинотеатрлардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру және оны іске қосу ұсынылады.

Бұл ақпараттық жүйе – кинотеатрларда көрсетіліп жатқан фильмдер туралы толық ақпарат алуға, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға және жоғарыда аталған квотаның сапалы түрде іске асуын қадағалауға оң септігін тигізеді.

Бесіншіден, елімізде «дубляж жасау» бойынша көп жағдайда кәсіби мамандар айналысып жүрген жоқ. Жалпы, бізде дубляж мамандары жоқтың қасы.

Бұл мәселені шешу үшін «Қазақфильм» жанынан, толықтай жабдықталған, халықаралық стандарттарға сай және арнайы сертификаттары бар кәсіби дубляж студиясын ашуды ұсынамыз. Еліміздегі жоғары оқу орындарында «дубляж жасау» мамандығын ашып, осы бағыттағы мамандар санын арттыру қажет деп санаймыз.

Тағы бір тоқтала кететін мәселе – отандық мультипликация саласы. Бүгінде, үлкен экран арқылы жас буынның жаңа қаһармандары пайда бола бастады. Қобыланды, Қабанбайларды білмейтін бала Человек паук, Бэтмендерді жетік білетін күнге жеттік. Алайда, өзге елдің «өгей батырлары» өз елдерінің құндылықтарын насихаттайтындығы анық.

Сондай-ақ, отандық мультипликация саласын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан ұлттық құндылықтарды заманауи түрде жеткізетін мемлекеттік тілдегі жобаларға субсидиялар бөлуді ұсынамыз.

Алтыншы мәселе. Ресми деректерге сәйкес 2019 – 2022 жылдар аралығында Республикалық бюджеттен
17 млрд. теңге көлемінде қаржат бөлініп оған 83 қазақстандық фильм түсірілген. Олардың ішінде тек қана 18 фильм үлкен экранға шығарылып, аталған фильмдер ұлттық кинопрокатта небәрі 695 млн. теңге жинаған. Дегенмен, қазіргі уақытта, жеке тұлғалардың өз қаражаттары есебінен түсірілген бір фильм кинопрокатта 1 млрд. теңгеге жуық қаржы жинады.

Бұл – қазіргі кинонарық заңдылығын көрсетеді. Сол себептен, отандық фильмдердің мемлекет тарапынан 100% қаржыландырылуын қайта қарастыруды ұсынамыз.

Біз, қазақ киносына қамқорлық жасауға үндейміз!

Құрметпен, «Respublica» партиясы фракциясының депутаттары!