Жанбыршин
Едил
Терекбайулы

Председатель Комитета по вопросам экологии и природопользованию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзакбайұлы!


«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды платформасында, экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы басым бағыттардың бірі болып айқындалған.

Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан экономикасының 2,6 пайызға төмендегенін айта келіп: «Қайта жасақталған Үкіметтің ендігі міндеті – экономиканың даму қарқынын қалпына келтіру» - деді.

Экономикамызды одан әрі жандандырудың нақты шешімдерінің бірі –сыртан келетін импорттық тауарларды жергілікті жерлерде өндіру. 2020 жылдың 11 айындағы Қазақстанның сыртқы тауар айналымын  қарайтын болсақ, импорттың үлесі әлі де жоғары. Экспорт – 63,5 млрд АҚШ долл.,  импорт – $21,86 млрд АҚШ долл. құрап отыр.

Импорт құрылымының ішінде келесі тауар топтарының үлесі айтарлықтай:

- жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер, дайын тамақ өнімдері – 1,5 млрд АҚШ долл. (7%);

- металл және оның өнімдері – 1,99 млрд АҚШ долл. (9,1%);

- химия және онымен байланысты салалардың өнімдері (резеңкелер мен пластмассаларды қоса алғанда) – 3,12 млрд АҚШ долл. (14,3%);

- машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар – 12,4 млрд АҚШ долл. (56,7%).

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алатын тауарларында импорттың үлесі әлі де жоғары. Мысалы 2020 ж. 1-ші жарты жылы бойынша «Тенгизшевройл» ЖШС – 92%, NCOC – 89% және «Қарашығанақ петролеум оперейтинг» - 80%. Маңғыстау облысында 28 жерқойнауын пайдаланатын компанияға өткен жылдың 9 ай қортындысы бойынша 74,2 млрд теңгеге тауарлар жеткізілген, оның 38 млрд теңгесі, яғни 51% импортты құрап отыр.

Импортты азайтудың осы күнге дейін өз деңгейінде шешілмеуінің себебі неде? Өйткені жергілікті атқарушы билік өз деңгейінде жүйелі жұмыстарды жүргізе алмай отыр, жерқойнауын пайдаланушы отандық және шетелдік компаниялар жергілікті өнімдердің өндірілуіне қатты қызығушылық танытпайды және Үкімет тарапынан импорттық тауарларды азайтуға бағытталған жүйелі бағдарламаның жасақталмағаны.

Тіпті кейбір жағдайларда ірі компаниялардың топ-менеджерлерінің жеке ұстанымдары мемлекет саясатына қарама-қайшы келіп, халықтың әлеуметтік наразылығын өршітуге ықпал етіп, қомақты қаржылардың Қазақстан экономикасына жұмыс жасамай, басқа елдерге кетіп жатқанына себепші болып отыр. Мысалы, 2019 жылдың соңында Жаңаөзен қаласында жұмыссыздықты азайту мақсатында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның импорттық тауарларының бір бөлігін аталған қалада өндіріп, оқшаулау үшін, Үкімет пен «Атамекен» ҰКП маңызды жобаны бастаған болатын. Тапсырыс берушімен ұзақ мерзімді контракт жасақталады дегесін, осы жобаға отандық тауар шығаратын бірнеше жергілікті компаниялар қатысты. Қазір олардың саны 31-ге жетіп,  915 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.  Бірақ, жыл жарым өтті, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның коммерциялық бағытқа жауап беретін басшыларының бірі, әр түрлі бюрократиялық сылтаулар тауып, бірде-бір жобаны іске асыруға мүмкіндік бермей отыр.

Импортты алмастыру қандай мультипликативтік әсер береді?!

Бірінші, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Өйткені тұрғындардың бізге артқан басты аманаты – жұмыссыздықты жою. Айта кететін жайт, Маңғыстау облысында мұнай-газ компаниялары жұмысқа қабылдауға моратории жариялап, азаматтарды жұмысқа алуды шектеп отыр. Тұрғындар арасында осы шараға наразылық бар. Жаңа ашылатын өндіріс ошақтары бұл мәселені шешуге ықпал етеді.

Екінші, бюджетке түсетін салықтардың көлемі артады және моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге ықпал етеді.

Үшінші, жаңа өнімдерді өндіру елімізде ғылым мен техниканы әрі қарай дамытады, инновациялық және экологиялық технологияларды қолдануға әкеледі, жұмыс өнімділігі артады және тағы да басқа оң нәтижелерге қол жеткіземіз.

Сондықтан Үкімет ДСҰ және Еуразиялық Экономикалық Одақтың талаптарын ескере отырып, отандық өндірісті дамытуға және қорғауға мүмкіндік беретін ең тиімді механизмдер мен инструменттерді жасақтағаны жөн. Министрлердің, облыс әкімдерінің және квазимемлекеттік компания басшыларының өздері басқарып отырған салада немесе аймақта импорттық тауарлардың үлесін қаншалықты төмендеткенін анықтайтын индикатор болуы қажет. Осылайша алдағы бес жылда импорттық тауарлардың үлесін кемі 10% азайтуға мүмкіндік туады.

Импортты алмастыруды кешенді түрде іске асыру экономикамыздың өркендеуіне әсер етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Осы сауалнамда көтерілген мәселелерге байланысты тиісті өкілетті органдарға нақты тапсырмалар беруіңізді сұраймыз.



«Nur Otan» партиясы

фракциясының мүшелері,         

депутаттар                                                                        

Е. Жаңбыршин                                                                               

А. Жамалов

С. Имашева

М. Құлшар

С. Мусабаев

С. Нақпаев

Д. Тұрғанов