Жанбыршин
Едил
Терекбайулы

Председатель Комитета по вопросам экологии и природопользованию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қаныш Сәтбаев каналы бойынша

Депутаттық сауалымызды жолдауға 60 жыл бұрын жұмыс жасап бастаған, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар Қаныш Сәтбаев атындағы каналда қалыптасқан ахуал себеп болып отыр.

Бүгінгі таңда 458 шақырымды құрайтын бұл канал Астана қаласы, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстарының тұрғындарын, сондай-ақ осы өңірлердегі өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы объектілерін сумен қамтамасыз етудің негізгі және баламасыз көзі болып табылады.

Канал Қорғалжын көліне, Шідерті экологиялық аймағына су жіберуді, сондай-ақ лимандық және тұрақты суармалауды жүзеге асыруда.

2011 жылы осы канал республикалық мемлекеттік кәсіпорын мәртебесінен айырылып, «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынының филиалы болып қайта құрылған еді. Каналдың қаржылық дербестігінен айрылуы оның техникалық жағдайына, кадрлық және әлеуметтік саясатына қатты әсер етті.

Канал «Қазсушар» филиалы бола отырып, Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарының мелиоративтік жүйелерін реконструкциялау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асырғаны үшін халықаралық қаржы институттарының кредиттерін өтеу бойынша қаржылық міндеттемелерді көтеріп отыр. «Қазсушар» 2015-2018 жылдары каналдың пайдасынан өз қажеттіктеріне 2,8 млрд. теңгені алып қойған. Сондай-ақ, каналдың қаражаты есебінен «Апан» экологиялық полигоны, «Жәйрем- Қаражал», «Ескулинский», «Үйтас-Айдос» топтық сутартқыштары ұсталып отыр. Сонымен қатар, жыл сайын каналдың бюджетінен 250 млн.теңгеден астам қаражат «Молодежный» және «Шідерті» жұмысшы кенттерін жылумен және сумен қамтамасыз етуге бөлінеді, ал бұл объектілер жергілікті атқарушы органдардың балансында болуға тиіс.

Дербес заңды мәртебесі болмағандықтан, канал мамандарды даярлау мен қайта даярлау жұмысын жүргізу, өз қызметкерлерінің жалақы деңгейін реттеу және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл ретте осындай бірегей құрылысты пайдалану электротехникалық, гидромеханикалық және гидротехникалық жабдықтарды жөндеу мен сақтау жөніндегі жүйелі тәсілді талап етеді. Мұндай жұмысты тек жоғары білікті дайындалған кадрлар ғана жүргізе алады. Ал қазіргі экономикалық ахуалда оларды дайындап қана қоймай, тиісті материалдық және әлеуметтік жағдайларын жасай отырып, ұстап қалу керек.

Сондай-ақ, құқықтық және қаржылық дербестіктің болмауы канал басшылығының оны реконструкциялау мен жаңғырту бойынша тиісті іс-шараларды атқаруға мүмкіндік бермей отыр.

Өткен жылдың 5 қазанында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды науқан аясында Қарағандыда сөйлеген сөзінде Қ.Сәтбаев атындағы каналдың қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін атап көрсетіп, Үкіметке осы мәселені зерделеуді тапсырған еді.

Ағымдағы жылдың сәуір айында өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарап, «Қазсушарды» қаржылық жағынан тұрақты ұйым етіп, қайта форматтауды тапсырды. Бұл сұрақты каналды алғашқы салушылар да, мамандар да қайта-қайта көтеруде.

Құрметті Әлихан Асханұлы! Осы айтылғандардың негізінде, келесі мәселелерді қарастыруыңызды сұраймыз:

Бірінші. «Қазсушар» кәсіпорынының құрамындағы рентабельді филиалдарды дербес қылып, жағдайы қиындауларын бөлектеп реабилитация жасау қажет. Бәрін батпаққа тықпай, жөнге келмейтіндерімен айналысқан жөн. Бірақ бүкіл мекемелер бір жүйеге бағынуы тиіс. Мысалы су Комитетіне немесе су ресурстарын басқаратын жаңа холдингке.

Екінші. «Қазсушардың» құрамында заңдылық және қаржылық еркіндік берсе өзін-өзі ақтай алатын филиалдар қазірдің өзінде бар. Ол – Сәтбаев атындағы стратегиялық маңызы бар канал. Каналдың бірегей инфрақұрылымы мен қаржылық тәуелсіздігін сақтау үшін оған дербес заңды тұлға мәртебесін беру қажет. Бұл өз кезегінде соңғы жылдары осы кәсіпорында қордаланған көптеген мәселелердің шешілуіне мүмкіндік береді және канал Астана қаласы мен Орталық-Қазақстан өңірін сенімді су ресурстарымен қамтамасыз етеді.