Жанбыршин
Едил
Терекбайулы

Председатель Комитета по вопросам экологии и природопользованию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Екінші деңгейлі банктер мен ҚазПочтаға қатысты

Бүгінге шейін көптеген ірі инвестициялық жобалар: «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»; «Жайлы мектеп»; инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту, мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан 3 триллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр.

Соңғы үш жылда әр түрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңгені құрады.

Бұл инвестициялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылған.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңгені құрады.

Яғни мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген.

Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1,0 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына кемінде 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған!

Ақиқатына келгенде біз олигархтарды және олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен Агенттіктер қайда қарап отыр? Әлде солармен бірге ме?

Бір қызығы жеке банктер сияқты қызмет көрсете алатын бірқатар мемлекеттік қаржы институттары елдегі ақша активтерін орналастырудан шеттетілген және олар үлкен қаржылық шығынға ұшырауда. Мемлекет оларды банкрот қылмас үшін қаржылай көмек жасап отыр.

Осындай жағдай квазимемлекеттік, Ұлттық операторымыз - «Қазпочта» акцонерлік қоғамында орын алып отыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, «Самұрық-Қазына» 2022 жылы ғана «Қазпочта»-ға әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін ескірген көлік базасын жаңарту мен жалақыны индексациялауға шамамен 11 миллиард теңге бағыттады. Соның өзінде «ҚазПочта» өткен жылы 12,5 млрд теңгеге шығынға ұшырады.

Бұл жағдайды қалай реттейміз? Шешім бар. Мысалы жекеменшік банктерге орналастырылған «Самұрық-Қазына» Қорының 6 триллиондай қаржылық активтерінің 10%-ы ғана «Қазпочта»-ға орналастырылса, онда мемлекеттік компаниямыздың жылдық табысы шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Яғни «Қазпочта» донор компанияға айналады. Бюджет үнемделеді, «Самұрық-Қазына» дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды. Мемлекет қаржысы жеке банктердің дивидентін көбейтуге жұмсалмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет» - деді. Жаңағы айтқан бір ғана шешім Президент тапсырмасын нақты орындауға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қаржы институттары арқылы өтетін қаржыларды Парламентте, Үкіметте толық бақылай алады.

Аяғынан тұрған «ҚазПочта» елге қандай пайда әкеледі? Қазіргі кезде «ҚазПочта» 2000-нан астам ауылдардағы қаржылық және логистикалық қызмет көрсететін бірден-бір, кей жерлерде жалғыз Ұлттық оператор. Табысы бар «ҚазПочта» халыққа заманауи цифрлық қызмет көрсетуді қолға алады, қызметшілерінің жалақысын өсіреді, білікті кадрларды тартады, жаңа жұмыс орындар мен ғимараттар ашып ауыл инфрақұрылымын дамытады. «ҚазПочта» көптеген ауылдардың даму нүктесіне айналып, оларға жан бітіреді, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан ауылда, халықта ұтады. Мемлекет мүддесіне сай қаржылық саясат жүргізу, бірнеше проблеманы жояды және Үкіметтің жұмысыныңда тиімділігі көрінеді. Нақты нәтижелерін халық сезінетін болады.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып:

Бірінші. Мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдансын.

Екінші. Үкіметтің инвестициялық жобаларға алатын несиелері, қарыздары, оған бөлінетін бюджеттік қаражаттары мемлекеттік қаржы институттарында, бірінші кезекте «Қазпочта»-да орналастырылсын.

Үшінші. «Самұрық-Қазына» Қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттарына, оның ішінді «ҚазПочта»ға орналастыру мәселесі қаралсын.