The website color
Distance between letter distance
Images
09.09.2016

Мәжіліс Елбасының ұсынысын бірауыздан қолдады


Астана. 9-қыркүйек. Мәжіліс үйі.  Бүгін Мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Палатаның кезектен тыс жалпы отырысы өтті. Күн тәртібінде Палата Бюросы ұсынған бір ғана мәселе қаралды. Ол Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру туралы.

Жалпы отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс Спикері Н. Нығматулин атап өткендей, Конституцияның 56-бабы 1-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру Мәжілістің ерекше қарауына жатады.

 Күн тәртібі бекітілгеннен кейін сөз алған Елбасы Ата Заңның 44-бабының, 3-тармақшасына сүйене отырып, Мәжілісте өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін Премьер-Министрдің кандидатурасын Мәжіліс қарауына енгізіп отырғанын айтты. Өз сөзінде Президент мемлекетіміздің дамуы барысында Үкімет пен Парламенттің алдында тұрған басым бағыттарды сөз ете келіп, басқарушылық салада тәжірибесі өте мол, Қазақстанымыздың ірі аймақтарының бірі Павлодар облысын басқарған, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевты Үкімет Басшысы лауазымына тағайындауға келісім беруді сұрады.

Айта кетейік, Б. Сағынтаев осы уақытқа дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Экономикалық даму және сауда, Өңірлік даму министрі сынды жауапты қызметтер атқарды.

Одан әрі Мәжілістегі барлық фракциялардың өкілдері Н. Сабильянов, А. Перуашев, В. Косарев, Т. Яковлева Президент ұсынған кандидатураны жақтап сөз сөйледі.  

 Осыдан кейін Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын қолдау туралы Қаулы дауысқа қойылып, ол бірауыздан мақұлданды.  

    Мәжіліс Төрағасы Елбасына депутаттық корпус атынан зор алғыс білдірді.   

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan