The website color
Distance between letter distance
Images
06.05.2017

Мәжіліс вице-спикері «G7/20-Рим 2017» халықаралық конференциясына қатысты


Астана, 6 мамыр. Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Италияның Рим қаласында Парламентшілердің «G7/20-Рим 2017» халықаралық конференциясына және Халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі Азия парламентшілерінің форумы (ХҚДАПФ) Атқарушы комитетінің 82-ші отырысына барды.

Парламентшілердің G7/20 конференциясына 40-тан астам елдің депутаттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары  қатысты. Форум  Көші-қон мен гендерлік теңдік мәселесіне арналған.

Конференция барысында Г.Исимбаева «Көші-қон, қауіпсіздік» атты тақырыпта сөз сөйледі.  Ол өз сөзінде әлемдегі көші-қон саясатын жетілдіру, босқын әйелдер мен балалардың құқығын заңнамамен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Парламентші шараға қатысушыларды Қазақстандағы Конституциялық реформалар мен олардың елдегі демократияны нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарынан хабардар етті.

Сонымен қатар Г.Исимбаева Италия Парламенті Депутаттар Палатасының Вице-спикері Р.Джакеттимен  және «Италия-Қазақстан» достық тобының мүшелерімен жүздесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы өзара қарым-қатынастың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Мәжіліс Төрағасының орынбасары парламентаралық дамудың маңызына заң шығару ісінде тәжірибе алмасу, өзара ынтымақтастық топтарды белсендіре түсу жолдарына тоқталды.

Р.Джакетти өз кезегінде Қазақстан мен Италия арасындағы екі жақты қатынастардың стратегиялық серіктестік пен конструктивті үндесу  жолымен өркендей беретініне сенім білдірді.

Италяндық парламентшілер Қазақстандағы Конституциялық реформалар жайында біле түсуге мүдделілік танытты.  Мәжіліс Төрағасының орынбасары президенттік басқару формасын сақтай отырып, билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлудің негізгі мәселелері жайында толық мағлұмат берді.

Жүздесу соңында Г.Исимбаева италяндық әріптестерін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне шақырды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі Азия парламентшілерінің форумы (ХҚДАПФ) Атқарушы комитетінің 82-ші отырысына  да қатысты.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan