Әуесбаев
Нұрлан
Сатыбалдыұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Шағын бизнеске салық салу мәселелері бойынша депутаттық сауал

2024 жылғы 14 ақпанда жарияланды                    

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары –

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

Н.С. Байбазаровқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Нұрлан Серікұлы!

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атына Астана қаласындағы бөлшек саудамен айналысатын базарлар мен сауда орталықтарының жеке кәсіпкерлерінен салық пен банктік комиссияларды азайтуды сұраған өтініш келіп түсті. 

Өйткені нарықтағы қазіргі экономикалық жағдай жеке кәсіпкерлерге қиындық туғызып отыр. 

Олардың айтуынша, кәсіпкерлердің басым бөлігі салық төлеудің оңайлатылған режимімен жұмыс істейді. Бұл режим бойынша айналымнан 3% (пайыз) салық төлейді. Бұл кезекте бухгалтерлік есеп жүргізбегенімен, кеңсені жалдау ақысы, коммуналдық қызмет, логистика, жұмысшыға төленетін еңбекақы, тағы да басқа қызметтерге қалтасынан кететін шығын шаш етектен болып отыр.

Одан қалды, әкімдік азық-түлік бағасына мемлекеттік мониторинг жүргізетіндіктен, маржиналдылықты өз қалауымен арттыра алмайды.

Көпшілігі несие-қарызға белшесінен батып отыр, біразы бизнесін өлтірмеу амалымен микроқаржылық ұйымдардан несие алған (төлем күн сайын төленеді), сонымен қатар, айдан айға өздерінің құнды заттарын ломбардқа тапсыруға мәжбүр болып жүр.

Cондықтан азаматтардың кірісіне салынатын 3 пайыздық салықты таза пайданың пайызына негізделген неғұрлым әділ механизмге ауыстыруды сұрайды. Бұл тәсіл салық ауыртпалығын әділ реттеуге көмектесіп, экономикалық белсенділікті ынталандыруы мүмкін дейді.

Екінші деңгейлі банктер қосатын пайздарға келетін болсақ, мысалы, клиент Каспий кюармен (QR) төлем жасау кезінде банк 0,95 % комиссия ұстаса, картамен төлем жасалған жағдайда 2,5 %-ын, ал Каспий рассрочка және Каспий ред бойынша 10-12 пайыз ұсталады екен. Ескеру керек, Каспий ред пен рассрочкаға тауар алатын азаматтар баршылық. Сондай-ақ, банктен ақша шешіп алу кезінде де оның +1 %-ын банк ұстап қалады. Бұған наразы болған кәсіпкерлер: «Қазақстан Республикасындағы банктер әрбір транзакциядан біздің пайдамыздың 3-5 пайызын алып отыр. Жалпы алғанда, біз салықтар мен банктердің қызметі үшін 6 пайыз төлем жасап келеміз», - дейді.

Сонымен қатар, жыл басынан бастап салық салушылар тарапынан қысым сезініп жатқандарын да айтып жатыр. Сондықтан кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергілерді азайтуды, әкімшілік процестерге кететін шығынды азайтуды және салық салушылармен өзара іс-әрекетті барынша азайту үшін салық есептілігі рәсімдерін оңайлату мәселесін қарауды сұрайды.

Егер бөлшек саудаға түсіп отырған салмақты шұғыл жеңілдету шаралары қазірден қабылданбаса, шағын кәсіпкерлер жұмысын тоқтатудың алдында тұр. Жеке кәсіпкер ретінде еңбектеніп жатқандардың көбісі қазірдің өзінде бизнесін жаба бастаған, өйткені тауып отырған табысы мардымсыз, керісінше шығынға ұшырап, несие мен қарыздың қамытын киіп отыр әрі жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сәйкесінше, мемлекет те жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеуге мәжбүр болады. Мемлекет неге ешкімге масыл болмай, табысын өздігінен табуға әркеттенген азаматтарды бұлай сарсаңға салады. Осыған байланысты  

Осыған байланысты, ұсыныс:

Бизнеске қолайлы жағдай туғызу және кәсіпкерлердің салық жүйесіне деген сенімін нығайту үшін салық салу процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған шараларды күшейтуді ұсынамыз. Бизнесте де, басқа салаларда да ашықтық әрі әділдік болуы тиіс.

Екіншіден, «Виза», «Мастер кардтың» орнына ұлттық төлем жүйесін енгізу керек. Қазіргі таңда шетелдік төлем жүйесі жұмыс істеп тұрғандықтан, ұлттық экономикамыздағы қаражат шетелдік жүйеге кетіп жатыр. Әр транзакциядан шамамен 0,3 пайыз ұстағанның өзінде мемлекетімізден 50 миллиардтан астам қаражат шетелдік жүйеге кетуде.

Үшіншіден, шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік бюджетке жалпы айналымынан төлеп жатқан 3 пайыз салық оларға айтарлықтай ауыртпалық салып тұр. Ендеше кәсіпкерлерге мүмкіндік беру үшін салықты 3 пайыздан 1-2 пайызға азайту мәселесін қарастыру қажет.

Осы мәселелерді жан-жақты қарап, ескерулеріңізді сұраймын.


Құрметпен,

Жалпыұлттық социал-

демократиялық партиясы

фракциясының депутаттары                                      Н. Әуесбаев

                                                                                          А. Рақымжанов

                                                                                          А. Сағандықова

                                                                                          Н. Сайлаубай