The website color
Distance between letter distance
Images
08.04.2022

Жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды


Нұр-Сұлтан, 8 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасы нақтыланды.

Бюро отырысында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Заң жобасы қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңнамасын және өзге де заңнамалық актілерді жетілдіру мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдамақ.

Құжат кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері негізінде Семей сынақ полигоны нормативтен тыс ластанған аумақтарында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құруды көздейді.

Сондай-ақ алдағы жалпы отырыста депутаттар зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды.

Палата комитеті Бюро отырысында органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу бойынша заң жобаларын жұмысқа алады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan