The website color
Distance between letter distance
Images
21.04.2023

Мәжіліс ЕАЭО шеңберінде кредиттік тарих туралы мәліметтермен алмасу туралы келісімді қарайды


Астана, 21 сәуір, Мәжіліс үйі. Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі анықталды. 

Депутаттарға бірқатар ратификациялық заң жобаларын талқылау ұсынылады. Соның бірі «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы.

Келісім басқа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттердің резиденттері үшін тең жағдайлар жасауға және екінші жағынан, банктер үшін басқа мүше мемлекеттердің резиденттерін кредиттеу туралы шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ЕАЭО шеңберінде трансшекаралық кредиттеуді дамытуға ықпал етеді.

Бюро отырысында депутаттарға «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылды. Ол жобаларды жүзеге асыруға, мүше мемлекеттердің өңірлік ынтымақтастық процестеріне қатысуын кеңейтуге және олардың әлеуетін жақсартуға бағытталған Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының толыққанды мүшесі болу арқылы жеңілдетілген экономикалық өсуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар депутаттар алдағы жалпы отырыста мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарайтын болады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі  – 74-63-01. Фото Ж. Жұмабеков

 

 

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan