Жаңбыршин
Еділ
Терекбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы

Депутатқа хат
«Қазақстан Республикасының мұнай және газ химиясын дамыту перспективалары туралы» кеңейтілген тақырыптық отырысындағы сөзі

Депутат Е.Т. Жаңбыршиннің сөзі

Қазақстанда мұнай-газ химия кешенін дамытуға байланысты

пікірлер мен ұсыныстар

Қазақстанның мұнайгазхимия зауыттарын іске қосу еліміздің шикізатқа тәуелділігін төмендетіп, мұнай-газ кешенін одан әрі диверсификациялап, экономиканы құрылымдық өзгерістерге әкеліп, индустриалдық дамудың жаңа кезеңіне шығуға себепші болады.

Бұл зауыттарды іске асыру оңай болайын деп тұрған жоқ. Оларды жобалау, салу және игеру заңнамалық өзгерістерді, қаржыландыруды, шикізатпен қамтуды, өнімдерді нарыққа өткізуді, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қажет етеді.

Осы жобаға қатысты маңызды үш мәселені айтқым келеді.

Бірінші. Қазір мамандар тек қана ірі тоннажды пластмассаға бағыт ұстау, қате деп отыр. Полиэтилен және полипропилен бұл базалық қарапайым өнім, ең төменгі қосымша құн қосылған. Бұрын нарықта бұл өнімдер аз болғандықтан, шикізатты монетизация жасаудың қарапайым жолы еді және біраз пайда түсіруге болатын. Бірақ қазір ол заман өтіп кетті. Неге?

2014-2020 жылдар аралығында Ресей, Өзбекістан, Түркменстан және Әзербайжан полиэтиленді шығаруды екі еседен көп ұлғайтты. 2030 жылға таман Ресейде базалық полимерлерді өндіру 11,4 млн тоннаға жетеді, яғни 2,4 есеге өседі. S&P Global Platts агенттігінің дерегіне сәйкес Қытай, Малайзия, Корея 2020-2021 жылдары, жылына 6 млн тонн пропилен өндіретін қуаттарды іске қосты және қосуды жоспарлаған. Бір сөзбен айтқанда базалық полимерлердің көлемі артып, сату нарығы шектеледі, олардың бағасы төмендейді, пайда аз түседі, сәйкесінше ел қазынасына түсетін салықта азаяды.

Не істеу керек? Ол үшін базалық полимерлерді 3-ші және 4-ші деңгейде өңдеп, жалпы халық тұтынатын және басқа да салаларға қажет тауарларды шығару. Яғни елімізде мұнайгазхимия кластерін қалыптастыру қажет. Оны дамыту ғылым мен инновацияға тіреледі. Ғылыми жұмыстарға бірінші кезекте отандық ғылыми-зерттеу институттар мен университеттерді тартып және оларға жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін 1% қаржы есебінен мақсатты гранттар беру керек.

Екінші. Бұл жобаларға құрлыс жұмыстары кезінде 10 мыңнан аса және зауыттар эксплуатацияға шыққанда 1,5 мыңдай білікті мамандар қажет. Онсыз зауыттардың қауіпсіз жұмыс жасау мүмкін емес. Бүгін күні кадрларды жүйелі түрде дайындау жүріп жатыр ма? Қанша адамды, қандай мамандықтарды, қай жерде, кімдер оқытады? Дайын жабдықталған оқу базасы бар ма? Сұрақ көп! Ең бастысы жұмысқа Қазақстан азаматтары тартылуы керек, оның ішінде Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан жұмыс күшін тартқан тиімді болар еді.

Үшінші. Жобаланып отырған негізгі мұнайгазхимия кешені Атыраудағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында салу жоспарланып отыр. Бұл болашақта қаланың экологиялық жағдайына әсер ететіні анық. Ресми статистикаға сәйкес, адам басына шаққанда стационарлық көздерден зиянды заттардың атмосфераға лақтырылу көрсеткіші бойынша Атырау облысы елімізде 3 орында. Облыстағы қала тұрғындарының 2019 жылғы тыныс ауруларынан қайтыс болған адамдардың көрсеткіші, 2015 жылмен салыстырғанда 21% артқан. Бұл көрсеткіш, тағы бір жоба жоспарланған Шымкентте, 2018 жыл мен 2019 жылды салыстырғанда 22% артқан.

Жобаланған зауыттармен бұрыннан жасап тұрған өндіріс нысандарынан шығатын зиянды заттардың қоршаған ортаға бірлескен кері әсері қандай деңгейде болады? Бұған Экология министрлігі не айтады?

Тағы бір маңызды мәселе. Сақтанғанды Құдайда сақтайды деген, егер осы зауыттарда техногендік төтенше апаттық жағдай орын алған жағдайда, қалалардың халқы мен өндірісіне, инфрақұрлымына залалының мөлшері қандай болмақ? Төтенше жағдай министрлігі мұндай жағдайды бағалаумен алдын-ала айналысып жатыр ма?

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере келіп, келесі ұсыныстар ұсынылады:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мұнайгазхимия саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаттары мен міндеттерін ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сәйкес анықтау үшін салалық министрліктердің, кәсіпорындардың, университеттер мен ғылыми ұйымдардың тиімді өзара әрекеттесуі мен бірлескен жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін.

2. Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңында қарастырылған жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеу тәжірибелік конструкциялық жұмыстарға 1% бөлетін қаржысының кемі үштен бірін, мұнайгазхимия саласынадағы ғылыми зерттеулерге мақсатты гранттар түрінде бөлуді қарастырсын.

3. Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне Сафи Өтебаев атындағы «Атырау мұнайгаз университеті» КеАҚ-ның жанынан арнайы мұнайгазхимия ғылыми-зерттеу орталығын ашудың мүмкіндігін қарастырсын. 

4. Білім және ғылым министрлігі мұнайгазхимия саласының мамандықтарына мемлекеттік гранттардың санын арттыруды қарастырсын.

5. Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік гранттың және жерқойнауын пайдаланушылардың есебінен оқып, мұнайгазхимия мамандықтарын тамамдаған қазақстандық кадрлардың осы салаға жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін шараларды алсын.

6. Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері Қазақстанда салынатын мұнайгазхимия кешеніне қажетті дефицит мамандықтардың және олардың саны анықтау жұмыстарын жүргізсін.

7. Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктері және Атырау мен Маңғыстау облысының әкімдіктері Атырау және Ақтау қалаларында жұмысшы мамандарды және инженерлік-техникалық қызметкерлерді біліктілігін көтеретін және қайта дайындайтын оқу орталықтарын ашуды қарастырсын.

8. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі:

- жобаланған зауыттардан және басқа жұмыс жасап тұрған өндірістерден шығатын зиянды заттардың жақын орналасқан қалалардың экологиясына бірлескен әсерін алдын-ала бағалау үшін зерттеу жұмыстарын іске асырсын.

- жобаларға ең үздік таза технологиялардың енгізуді қадағаласын және зауыттардан шығатын зиянды заттарды онлайн режимде бақылап отыратын арнайы қондырғыларды орнаттыруды талап етсін.

9. Төтенше жағдай министрлігіне зауыттарда апаттық жағдайлар орын алған жағдайда пайдаланылатын эвакуациялық жоспарды жасақтасын және болжамды шығындардың есебін шығарсын.