Жаңбыршин
Еділ
Терекбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы

Депутатқа хат
ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Р.В. СКЛЯРҒА

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

2021 жылы 7 сәуірде жарияланды

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы                       Н.Ә. Назарбаев өзінің халыққа жолдауындағы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында XXI ғасырдағы жаһандық он сын-қатерді атап өтті.  Оның бірі - соңғы алпыс  жылда ғаламшардағы ауыз суды тұтыну  сегіз есе ұлғаюына байланысты судың өткір тапшылығының туындауы. Нәтижесінде, ғасырдың ортасына қарай көптеген елдер суды импорттауға мәжбүр болатындығына назар аударды. 

Су ресурстары қашанда еліміздің маңызды стратегиялық қоры болып саналады. Жылдар бойы жер үсті және жер асты суларының ресурстарын ауыз су және шаруашылық бағытында интенсивті түрде пайдаланып келеміз. Еліміздегі су сарапшыларының болжамы бойынша 2030 жылға дейін еліміздегі жер үстіндегі су қорлары 23,2 км. куб-қа азаяды. Ол еліміздің бір жылдық су пайдалану көлеміне тең. Бұл жағдай жақын арада халыққа қажет ауыз судың тапшылығына әкелуі мүмкін. Оның үстіне Қазақстандағы 8 су-шаруашылық бассейнінің 7-і трансшекаралық және олардағы судың көлемі көрші мемлекеттердің осы бағыттағы саясаттарына тікелей тәуелді болып отыр.

Сонымен қатар елімізде басқа да маңызды стратегиялық ресурс бар. Ол – жерасты тұщы сулары. Бүгінгі таңда елімізде тәулігіне 43 млн. куб метрден астам су қорын қамтитын 4286 кен орындары бар. Бұл жерасты суларының кен орындары еліміздің 14 облысының аумағында орналасқан. Өкінішке орай жерасты суларын пайдалану жүйелі түрде бақыланып, реттелмей отыр. Кезінде қазылған гидрогеологиялық ұңғылар ескіріп, ашық күйінде қалдырылып, бүгінде 2256 апатты гидрогеологиялық ұңғылардан жер асты сулары тоқтаусыз айдалаға ағып жатыр. Кейбір өңірлерде жүздеген ұңғылар жоюды және консервациялауды қажет етеді. Мысалы: Атырауда - 180; Ақтөбеде - 278; Маңғыстауда - 299; Түркістанда – 361; Қызылордада - 411. Осындай стратегиялық байлығымыздың реттелмей ағып жатуы, жер асты қорларын орны толмас шығынға ұшыратуда. Сонымен қатар артезиан ұңғылардан аққан сулар сол аумақтың экожүйесіне айтарлықтай әсер етіп:

- топырақтың тұздануына,

- батпақты жерлердің ұлғаюына,

- өсімдіктердің жойылуына,

- қолдан жасалған тоғандардың пайда болуына әкеліп отыр.

Өткен 2002 жылы «Еліміздің минералдық-шикізаттық кешені ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Осы бағдарлама бойынша гидрогеологиялық ұңғыларды зерттеп, оларды жою және консервациялау үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 518 гидрогеологиялық ұңғылар жойылды. Оның 149-ы радионуклидтік элементтермен ластанған еді. Соның нәтижесінде 770 мың шаршы жер алаңы радионуклидтік және химиляқ элементтермен бүліну қатерінен қорғалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2324,1 мың метр кв. жер көлемі құрғатылды. Өкінішке орай, бұл жұмыстар 2009 жылы тоқтады.

«Nur-Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жасақталған Жол картасында су ресурстарын ұтымды пайдалану қарастырылған.

Осы айтылғандарға байланысты Үкіметке бағдарламаны қайтадан жандандырып, жерасты суларын стратегиялық ресурстар ретінде сақтау үшін қаржыландыру керектігін айтамыз.

Депутаттық сауалымызда көтерілген сұрақтарға заңнамада көрсетілген мерзімде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

«Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшелері

                                            

                                                                                   С. Нақпаев

                                                                                   Е. Жаңбыршин

                                                                                   С. Мусабаев