Жаңбыршин
Еділ
Терекбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Р.В. СКЛЯРҒА

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Жаһандық климаттың өзгеруі көптеген мемлекеттердің қалыптасқан ауа-райын өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайларына кері әсер ете бастады.

«United in Science 2021» баяндамасының мәліметіне сәйкес 1970 жылмен салыстырғанда ауа-райының апаты қазіргі кезде бес есе көп тіркеліп және олардың залалы жеті есе қымбатқа шыққан. Бұл өзгерістер Қазақстанда да байқала бастады. Мысалы соңғы бес жылда Маңғыстауда жауын-шашынның мөлшері нормадан 1,5-2 есеге кем түскен, Жайық өзені ағымының мөлшері 2,5 есеге азайған. Іле Алатауындағы мұздықтардың ауданы 40% қысқарған. Бұл жағдайлар еліміздің экономикалық және әлеуметтік салаларына кері әсерін тигізе бастады. 

Ғалымдар мен мамандар климаттың жаһанды өзгеруі антропогендік қызметтің салдарынан пайда болған парниктік газдардың атмосфераға көптеп шығарылуына байланысты деп есептейді.

2020 жылдан бастап жаһандық температураның 2oС-тан астам өсуіне жол бермеу туралы Париж келісімін Қазақстан 2016 жылы ратификациялады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің алдына 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін қойды. Бұл мәселе «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қаралған. Осыған орай Үкімет «Көміртегі бейтараптығына 2060 жылға дейін қол жеткізу Доктринасын» жасақтады және оған сәйкес сол кезеңде көмірмен жұмыс жасайтын бірде-бір электр станциясы болмау керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда шығарылатын СО2-эквивалентінің 80% жуығы отын-энергетикалық сектордың үлесінде, оның 32%-ы жылу және электр энергиясын шығаруға тиесілі. Қазақстандағы электр және жылу энергиясын өндіруде көмір негізгі энергия көзі болып табылады және оның ең үлкен көміртегі ізі бар.

Көмірмен жұмыс жасайтын станциялар отанымыздың солтүстік энергетикалық аймағында орналасқан және осы аймақта бүкіл Қазақстанның электр генерациясының 76% өндіріліп, электр энергиясы көлемінің 2/3 тұтынылып және  халқымыздың 41% шоғырланған.

2021 жылдың басында көмірмен жұмыс жасайтын базалық электр станцияларының қондырылған қуаты 13,4 ГВт болды. Тек бір ғана Екібастұздағы ГРЭС-1-дің электр қуаты 4,0 ГВт-ты құрап отыр.

Осыған орай келесі сұрақтар туындайды.

Бірінші. Базалық режимде жұмыс жасайтын электр станцияларының қуатын 40 жыл ішінде қандай генерациялармен ауыстырамыз? Мұндай базалық қуаттың деңгейін қандай альтернативалық энергия көздері өндіре алады? Ал, оның ішінде солтүстіктің аймақтың табиғи-климатық жағдайында, жаңартылған энергия көздері тұрақты және сенімді энергия генерациясымен қамтамасыз ете ала ма? Себебі 2020 жылы ақпан айында Техаста ауа температурасы минус 200 түсіп, жел қондырғыларының қалақтары істен шығып, күн панельдерін қар басып қалғанда үлкен энергетикалық кризис болды.

Екінші. Еліміздің көмір жағатын станцияларында 17,5 мыңнан астам, ал көмір шығаратын орта және ірі кәспорындарда 40 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Қазақстанда көмірді пайдалануды тоқтатсақ кемі 57 мыңнан астам жұмыс орындары қысқарады және осы өндірістердің қызметіне байланысты өмір сүріп отырған қалалар мен облыстардың жағдайы не болмақ? Көмір өндіру мен пайдалану салаларында жұмыс жасап отырған адамдарға қандай жаңа өнеркәсіп орындары ашылады? Сайып келгенде, халық, болашақта не болатынын, білу қажет қой!

Парниктік газдарды азайту мен экологияны жақсарту үшін альтернативалық энергетиканы дамытуымыз қажет, оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ энергетика саласын трансформациялау прагматикалық тұжырымдар мен нақты есептеулерді қажет етеді. «Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмайық». Сондықтан шұғыл түрде келесі шаралар атқарылу қажет:

1. 2060 жылға дейінгі Қазақстан энергетикасын дамытудың Стратегиялық жоспары қабылдансын.

2. Жалпы көмір өндірісін түбегейлі жоғалтпау үшін, көмір химия саласын дамытудың кешенді жоспары жасақталсын.

3. Көмір өндірісі мен көмірмен жұмыс жасайтын энергетика саласының мамандарын қайтадан квалификациялауды және қайта даярлауды кезеңмен іске асыратын жоспар дайындалсын.

 Депутаттық сауалымызда көтерілген мәселелерге қолданыстағы заңнамада көрсетілген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.

 «Nur Otan» партиясы

Фракциясының мүшелері,

депутаттар                                                                    Е. Жаңбыршин

Е. Абақанов

Қ. Абасов

С. Адамбаев

Е. Бейсенбаев

А. Қожахметов

С. Мусабаев

С. Нақпаев

Н. Ожаев

Л. Рамазанова

Е. Саиров

А. Сарым

Д. Тұрғанов