The website color
Distance between letter distance
Images
12.04.2017

Мәжіліс Төрағасы Германиядан келген делегация өкілдерін қабылдады.


Астана. 12-сәуір. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бундестаг депутаты, парламенттік топ төрағасы Манфред Грунд бастаған делегация өкілдерін қабылдады.

Әріптестерін Германияның жаңа Президенті Штайнмайер мырзаның сайлануымен құттықтаған Мәжіліс Төрағасы оның жаңа қызметте қазақстандық-германдық қатынасты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Н. Нығматулин Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды сыртқы саяси және экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде барлық салада өзара қарым-қатынас айтарлықтай жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы Берлинге ресми сапары қазақстандық-германиялық байланысты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді.

Өткен жылы қос мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 1.7млрд АҚШ долларын құрады, бүгінгі күні елімізде 700 ден астам германиялық кәсіпорындар табысты жұмыс атқарып келеді.

Мәжіліс Спикері делегация өкілдерін  ағылшындық құқық жүйесіне негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту үшін қарқынды жұмыс атқарылып жатқандығынан хабардар етті.

Мәжіліс Төрағасы 2015 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып Еуропалық Одақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойғанын айта келіп, құжаттың Бундестаг тарапынан тезірек ратификациялануына сенім білдірді.

Мәжіліс Төрағасы меймандарды елімізде жүргізіліген конституциялық реформа төңірегінде толыққанды хабардар етті.  

Өз кезегінде Манфред Грунд экономикалық құрылым және  әлеуметтік жүйе орната отырып, демократиялық жолмен өркендеу Қазақстанның өзгеге ұқсамайтын ерекше даму жолы екенін және оның жылдан жылға табысты жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

Одан әрі тараптар парламентаралық байланысты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan