The website color
Distance between letter distance
Images
09.06.2017

Н.Нығматулин мен Сингапур Парламентінің Төрайымы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға келісті


                Астана, 9 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Сингапур Республикасы Парламентінің Төрайымы Халима Якобпен кездесті.

                Мәжіліс Спикері екі ел арасындағы байланысты нығайтуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен жеке қарым-қатынастарының маңызына тоқталды.

                Сонымен қатар, әңгіме барысында Н.Нығматулин, Сингапур – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы сенімді әріптесі екенін атап кетті. 

                Өз кезегінде, Х.Якоб мемлекет басшылары Н.Назарбаев пен Ли Куан Ю негізін қалаған екіжақты ынтымақтастықтың жалғаса беретіндігіне сенім білдірді. Сингапур Парламентінің Төрайымы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «алдымен экономика, содан кейін саясат» атты формуласының тиімділігіне ерекше назар аударды.

                Сонымен бірге, Сингапур Парламентінің Төрайымы халықаралық ЭКСПО көрмесіне өз елінің ерекше ықыласпен қатысатыны туралы мәлімдеді.

                - Біз Қазақстанның белсенді түрде дамып келе жатқанын, экономикасының Орталық Азия өңіріндегі қарқынынан хабардармыз, сондықтан да елдеріңіздің біз үшін орны ерекше – деді өз кезегінде Сингапур Парламентінің Төрайымы.

                Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық және жаңа технологиялар мен инновация саласындағы өзара екіжақты байланысты ұлғайту мәселелері басты бағыттар қатарында аталды.

                Х.Якоб, сондай-ақ Сингапур мен ЕурАзЭҚ-тың арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қоюға ниетін білдірді. Бұл, Сингапур Парламенті Төрайымының айтуынша, ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қосымша тұғырнама ретінде қызмет ететін болады.

                Н.Нығматулин сингапурлық әріптестерін елімізде өткен Қазақстандағы конституциялық реформа жайынан хабардар етті.

                Кездесу барысында тараптар екі ел парламентшілерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді.

                Мәжіліс Төрағасы парламентаралық қарым-қатынастардың кеңейуі мемлекеттік басқару саласындағы заң шығару тәжірибесін алмасуына, инвестиция тартуға, жаңа технологияларды қолдау және дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

                (Мөлдір Мұса, 74-36-04. Сурет – Сайлау Майлыбаев. Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan