Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.02.2021

Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясы сайлауалды міндеттемелерді іске асыру бойынша «Жол картасын» талқылады


Нұр-Сұлтан, 12 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Палата Спикері, «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтті.

Онда Үкіметтің және «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі Фракциясының «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмысы туралы айтылды.

Осы отырыста Премьер-Министр Асқар Мамин партияның сайлау  бағдарламасының орындалуы жайлы баяндама жасады.  

Жол картасы Сайлауалды бағдарламаның төрт бағытын іске асыру бойынша 362 іс-шараны қамтиды. Олар жылдар бойынша белгіленген және қаржылық тұрғыдан бекітілген. Бұл ретте басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ экономика мен өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған. Ол үшін отандық заңнаманы жетілдіру де жоспарланған.

 «Жол картасының әзірленген жобасы “Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасын толық әрі сапалы іске асыру жөніндегі барлық қажетті шараларды қамтиды. Үкімет барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. Барлық шараларды іске асырудың нәтижесі жаңа шынайылық жағдайында халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының нақты артуы болады», — деді А. Мамин

Үкімет басшысының баяндамасынан кейін депутаттар министрлерге бірқатар сұрақтар қойды. Мәжіліс депутаты депутат  Қайнар Абасов Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 600 мың га жаңа суармалы жерді игеріп, оның жалпы алаңын 2,2 млн га-ға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері көтерген негізгі проблема – суаратын сумен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеу және ирригациялық жүйелердің нашар жағдайда болуы. Өйткені суармалы жерлерді толыққанды суаратын сумен қамтамасыз ету жоғары сапалы өнім алудың, ал оңтүстікте жылына екі ретке дейін өнім алудың негізгі құрамдас бөлігі болып табылатынын жеткізіп, бұл жобаны қандай қаражат немесе қолданыстағы қандай бағдарламалар есебінен іске асыруды жоспарлап отырғаны туралы сұрады.

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы:

- Әрине, 600 мың гектар жаңа жерді игеру ол оңай шаруа емес. Бағдарламада жазылғаннан кейін, оған жеткізуіміз керек. Меніңше, бұл тек қана ауылшаруашылығы министрлігінің сұрағы емес. Бұған Экология министрлігі де өз үлесін қосу керек» - деді.

Мәжіліс Спикері сайлауалды бағдарламада көрсетілген іс-шараларды іске асыруға қажетті қаражаттардың көзделгенін атап өтіп, депутаттар сыртқы және ішкі нақты жағдайларды ескере отырып, кезекті республикалық бюджет жобасын қарау кезінде халық алдындағы міндеттемелерді қаржыландыру үшін қажетті түзетулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.

Отырыс барысында, Нұрлан Нығматулин:

«Елбасымыздың «Жол картасын» әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, көптеген жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Оған фракция депутаттары да, Үкімет мүшелері де, партия өкілдері де белсенді қатысты. Алдағы жоспарларымыз, мақсаттарымыз белгілі. Енді осы бағытта жұмысымызды одан әрі  жалғастыратын  боламыз» - деді.

«Жол картасы» партияның нақты мақсаттарға бағытталғанын жеткізген Палата Спикері сайлауалды бағдарма халықтың барлық санатын қамтығанын айта келе:

«Сонымен бірге, әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа қадам жасалынды.  Осы бағдарламада отбасын, әйел азаматтарды,  жастарды  қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсаттарға жету үшін «Жол картасының» әрбір тармағының орындалуын қатаң бақылау қажет.Бұл Елбасымыздың қаңтардың ортасында бізге берген  тапсырмасы» - деді.

Бұл ретте «Жол картасының» барлық бағыттары Мәжілістің комитеттері арасында бөлінген. Ал «Жол картасының» нақты тармақтарына бақылауды күшейту үшін «Nur Otan» фракциясының депутаттары бекітілді. Атап айтқанда, Мәжілістің комитет төрағалары Қ.Мусин, Ж. Нұрманбетова,  М.Құсаинов, А.Құспан, А. Рау,  сондай-ақ, басқа саяси партиялардың төрағалары бар екі комитетте бұл жұмысты комитеттердің хатшылары-Фракция мүшелері үйлестіретін болады. Олар А.Қожахметов және Б.Оспанов.

Сонымен қатар, депутаттар бағдарлама тармақтарының орындалуы туралы ақпарат беруге дербес жауапты мемлекеттік органдардан да анықтауды ұсынды. Кем дегенде, бұл вице-министр деңгейінде болуы керек.

Жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы:

Бұл «Жол картасы»  – әрбір облысты, әрбір ауданды әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Алға қойған міндеттерді, ашық, сапалы, тиімді орындауға кең  жол ашады. Себебі, онда Партиямыздың Төрағасы,  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе, әлеуметтік сұрақтарды шешудің нақты шаралары   көрсетілді» - деді.

Айта кету керек, жиынға депутаттармен қатар Премьер-министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысты.

«Nur Otan» фракциясының мүшелері-депутаттар әзірленген «Жол картасын» қолдап, өзекті сұрақтарды алға тартып, пікірлерін ортаға салды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі