Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2021

Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды


Нұр-Сұлтан, 25 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Іс-шараға бейне конференцбайланыс арқылы Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыста Ж. Нұрманбетова 2020 жылдан бастап жұмыстарды, тауарлар мен қызметтерді алу процестерін оңтайландыру және сапаны арттыру мақсатында Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілгенін атап өтіп:

Бүгінгі таңда порталда 70 өнім беруші, арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 846 ұйым, 41 санаторий-курорттық ұйым, жеке көмекшінің қызметін көрсететін 94 ұйым және ымдау тілі маманының қызметін көрсететін 64 ұйым тіркелген. Сонымен қатар барлық өңірде, әрбір жерде Портал жұмысының сапасын арттыру, оған мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер бар, - деді.

Дөңгелек үстел аясында әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы ұсынылатын қызметтер мен жеке көмекші қызметінің сапасы және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері айтылды.

Іс-шара барысында Әлеуметтік қызметтер порталы ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасы жайында «Шанс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Шиманский баяндаса, Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ төрайымы Қ.Байменова мүгедек адамдардың күтімі бойынша өзекті мәселелерді қозғады. 

Сондай-ақ, отырыста бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуі саласындағы проблемалық мәселелерге қатысты  Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Ә.Аманбаев айтса, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Л. Қалтаева мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырудағы проблемалық мәселелерді көтерді.

Заң жобасын жетілдіру барысында депутаттар бірқатар ұсыныстар берді. Отырыс соңында аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанат Омарбекова министрлік тарапынан көкейтесті мәселелердің шешімін табу үшін қажетті шаралар қабылданатынын айтты.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі