Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2021

Мәжіліс депутаты Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шығарылған «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» жинағының тұсаукесеріне қатысты


Нұр-Сұлтан, 25 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жинақтың тұсаукесері өтті.

Іс-шараға «Сауап» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл және өнер иелері мен ғылым саласының мамандары және қоғам қайраткерлері қатысты.

Бұл жоба қазақ халқының байырғы бай музыкалық және шығармашылық мұрасын қайта жандандыруға, қазақтың мыңдаған ғасырлық музыка мәдениетінің інжу-маржандарын келер ұрпаққа табыстауға, ұлтымыздың рухани асыл қазынасын елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де насихаттауға бағытталған.

Отандық және шетелдік, мемлекеттік және жеке архивтер мен қорларда қазақтың 500-ден астам бірегей, көне күйлері қалпына келтіріліп, заманауи аудиотасығыштарға көшірілді. Антология тек Қазақстан өңірлерімен ғана шектеліп қалмай, Қытай, Монғолия, Ресей және басқа мемлекеттерден алынып, шетелдегі қазақтардың күй мұрасы да ортамызға оралып, алтын қорымыздың қатарына қосылып отыр.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жоба жайында:

-Қазірдің өзінде ғалымдар, зерттеушілер бұл жинақтың шығуын ел тарихындағы, ұлттану саласындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп жоғары бағалауда, - деді.

Айта кету керек, әрбір кітап байырғы әрі бірегей күйлер жазылған цифрлық тасығышпен жабдықталған.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01.).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі