Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2021

Мәжілісте өсімдіктер дүниесіне қатысты заң жобалары таныстырылды


Нұр-Сұлтан, 25 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымын өткізді.

Іс-шараға Мәжіліс төрағасының орынбасары Б.Кесебаева және Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е.Нысанбаев, мүдделі мемлекеттік органдардың, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы А. Милютин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі практикалық шараларды іске асыруға кірісуді; Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлығын заңнамалық және нормативтік тұрғыдан қорғауды, осы салада құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік қудалауды қатаңдатуды тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ, 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. Соның шеңберінде биоалуантүрлілікті сақтауға, елді көгалдандыруға, экоқұрылым мен экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған мәселелер ескерілетін болады.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е. Нысанбаев өз баяндамасында маңызды табиғи нысандарға қатысты мемлекетік құқықтар мен мүдделерді қорғау тетіктерін айқындайтын, өсімдіктер дүниесін қорғауға, молықтыруға және оның барлық алуан түрлілігінде ұтымды пайдалануға қойылатын талаптарды және бір тараптан Қазақстан болып саналатын халықаралық конвенциялардың ережелеріне сәйкес «Өсімдіктер дүниесі туралы» арнайы заң қабылдау қажеттілігін реттейтін тұтас, көп жоспарлы заңнамалық актінің жоқтығын атап өтті.

Заң жобаларын таныстыру барысында вице-министр депутаттар мен қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

Айтылған мәселелер мен ұсыныстар осы заң жобалары бойынша жұмыс топтарының алдағы отырыстарында қаралатын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі