Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2021

Мәжілісте мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыруға қатысты заң жобасы таныстырылды


Нұр-Сұлтан, 25 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелеріне қатысты заң жобасының таныстырылымын өткізді.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мүдделі министрлік өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен парламенттік емес «Адал» партиясының өкілдері қатысты.

Отырыста Ауылшаруашылық вице-министрі Р. Құрманов баяндама жасап, заң жобасының негізгі жаңалығы жер беру мерзімдерін қысқартып, қағазбен жүзеге асырылатын барлық рәсімдерді оңтайландыру және жерді тек электрондық форматта беру екендігін жеткізді.

Жауапты министрлік өкілінің айтуынша, жердің барлық санаттарын беру "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" республикалық ақпараттық жүйесінде және 17 "Өңірлік геоақпараттық жүйелерде" іске асырылатын болады.

Бұл цифрлық жүйелерді әзірлеуді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясымен, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп жүргізеді.

Заң жобаларын таныстыру барысында вице-министр депутаттар мен қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі А.Қоңыров айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта өткізілетін жұмыс топтарының отырыстарында ескерілетінін жеткізді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі