Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.04.2021

Мәжілісте сайлауға қатысты заң жобаларының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 13 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бейнеконференция форматында заң жобаларының таныстырылымын өткізді.

Отырысты ашқан Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін тікелей сайлау туралы тапсырмасына сай тиісті сайлау 2021 жылдың екінші жартысына белгіленгенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл заң жобалары бірнеше бағыттан тұратынын, оның барлығы мұқият талқылауды қажет ететіне назар аударды.

Жиынға депутаттармен қатар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сайлау процесі мен жалпы сайлау заңнамасын одан әрі дамытуға мүдделі түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров заң жобасында сайлауды тағайындау, кандидаттарды ұсыну, тіркеу, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын өткізу, кандидаттарды қолдау үшін қол жинау, дауыстарды санау және тағы басқа тәртіптерді белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылатынын атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасына сәйкес, ауыл әкімдігіне кандидаттар өз мүшелері қатарынан саяси партиялармен және  өзін-өзі ұсыну жолымен (дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1%-ына қол жинау арқылы)  ұсынылуы мүмкін.

Сондай-ақ, сайлау әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 40 күн қалғанға дейін жарияланады, ал сайлаудың өзі 10 күн қалғанда өтеді.

Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланғаннан кейінгі күннен басталып, сайлау күніне дейін 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, кандидатураларды ұсыну мерзімінің ұзақтығы 14 күнге дейін жетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.

Кандидаттарды тіркеу сайлау күнінен 10 күн қалғанға дейін аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді.

Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары, тіркелген кандидаттар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және сайлауға дайындық жұмыстары жүзеге асырылады.

Әлішер Әбдіқадыров атап өткендей, бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын орындау үшін заң жобасында Парламент Мәжілісін сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету бойынша түзетулер, сондай-ақ барлық деңгейлеріндегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына «Барлығына қарсы» бағанысын енгізу жөніндегі шаралар көзделген. Бұл нормалар заңнамалық тіркелген партияларды алдағы сайлауға қатысуға ынталандыруға, елдегі саяси бәсекелестікті дамытуға, халықтың барлық деңгейдегі сайлаудағы барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру құқығын білдіруіге бағытталған.

Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде сайлаудың қорытындысы шығарылып, ал жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылмақ.

Отырыс барысында депутаттар мен қоғам өкілдері заң жобасы бойынша жауапты мемлекеттік органның басшысына бірқатар сұрақтары қойып, пікір алмасты.

Аталған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, заң жобаларымен одан әрі жұмыс істеу үшін  Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин жұмыс тобына жетекшілік етеді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі