Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
09.06.2021

Мәжіліс Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады


Нұр-Сұлтан, 9 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Үкіметтің  және Есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып, бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Онда Мәжіліс Төрағасы республикалық бюджетті игерудің өзекті мәселелеріне тоқталып:

-Былтырдан бері елімізде қалыптасқан жағдай баршаңызға белгілі. Бүкіл әлемді қамтыған короновирус пандемиясы біздің өмірімізге де көптеген өзгерістер алып келді. Бірақ та, елімізді дамыту, халқымызды қорғау жолындағы мақсаттар, міндеттер, жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ. Сондықтан, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға қатысты жұмыстар дер кезінде қолға алынды, - деді.

Нұрлан Нығматулин халықты қолдау үшін дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын, ол қаражаттар барлық әлеуметтік міндеттемелерді жүзеге асыруға және отандық экономиканы қолдауға ықпал еткенін айтты. Мәселен, аталған кезеңде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде 4,8 триллион теңге бөлінген.

Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар еліміз бойынша жұмыссыздықты 4,9% деңгейінен асырмауға және орташа айлық жалақыны 7,3% - ға ұлғайтуға жол ашты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 5,6% құрады.

Алайда, Нұрлан Нығматулин бюджеттің орындалуында әлі орын алған кемшіліктер барын алға тарта келіп, мемлекет қаражатын ұтымды, нәтижелі және тиімді игеру керектігіне баса назар аударды.

Жалпы 2020 жылғы республикалық бюджеттің кірістері бойынша жоспардағы 11 906 910 617 мың теңгенің орнына 11 928 461 794,2 мың теңгені құрады немесе 100,2%-ға орындалды.

Республикалық бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы 14 475 384 875 мың теңге сомасында шығыстар (қарыздарды есепке алмағанда) көзделді, атқарылған шығыстар 14 234 214 030,0 мың теңгені немесе жылдық жоспарға қатысты 98,3%-ды құрады.

Сонымен қатар отырыс барысында халықты уақытша жұмыспен қамту шараларына қатысты бірқатар мәселелер басты назарда болды.

Есеп комитетінің қорытындысы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2020 жылы 239 мың адам жұмысқа орналастырылған. Адлайда, жобалардың қысқа мерзімділігіне байланысты адам қазірдің өзінде 158 мың жұмыстан босатылды. Ал жұмысқа орналасқандардың 17%-ы бір ай ғана жұмыс істеген.

Осы ретте, Нұрлан Нығматулин бұл бар-жоғы 4,5 пайыз ғана құрап отырғанын алға тарта келіп:

-Әйтеуір «екі қолға бір күрек»,-деп, уақытша жұмысқа алып барамыз. Бірақ та, оны тұрақты шешім деп айтуға болмайды. Себебі, қалған уақытта, мысалы, күзде, қыста не істейді? Ол кезде де жұмыс істеу керек қой, ол кезде де отбасын асырау керек қой, - деді.

Палата Спикерінің пікірінше, халықты тұрақты, тиімді, сапалы еңбекпен қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыс есеп беру үшін, баяндама үшін емес, шын мәнінде, халықтың жағдайын жақсарту үшін қажет.

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы әлеуметтік қорғау министріне аталған мәселелерге әсіресе, тұрақты жұмыстарға ерекше назар аудару қажеттігін ескерте отырып, осы жұмысты дұрыс ұйымдастыру керектігін айтты. Жалпы отырыс барысында депутаттар бірқатар заң жобаларын II оқылымда мақұлдады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті, сондай-ақ, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар.

Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар мүгедектік тобы белгіленген мүгедек балаларға жоғарылатылған жәрдемақылар тағайындау мерзімдерін айқындауға және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты ұқсас жәрдемақы алатын адамдарға мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау тәртібін оңайлатуға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.

Сонымен қатар II оқылымда мақұлданған құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар.

Аталған құжатта жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге сатып алынбаған жер пайдалану құқығын иеліктен шығару мүмкіндігі көзделеді, жергілікті халықтың мұқтажы үшін жайылымдық жерлердің аумағы айқындалады. Сондай-ақ жер заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да нормалар енгізіледі.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі