Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.08.2021

Халық қалаулысы мектептің тыныс-тіршілігімен танысты


Нұр-Сұлтан, 21 тамыз, Мәжіліс үйі. Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Оtan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Н.Раззақ Жуалы ауданы Алатау ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысымен танысты.

Биылғы жылдың сәуірінде басталған құрылыс жұмысын 2022 жылдың маусымына аяқтау жоспарланған.

Жаңа білім нысанында балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар,  маталар мен технологияларды өңдеу шеберханасы, металл және ағаш жөніндегі аралас шеберхана, спорт залы, мәжіліс залы, 30 орындық асхана, компьютерлік сыныптар, медициналық кабинет болады.

Жалпы биыл облыста 10 жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Ағымдағы жылы 23 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылса, оның 11-і биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұл 1 апатты, 3 үш ауысымды, орын тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл 16 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Халық қалаулысы «Nur Otan» партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» Сайлауалды бағдарламасында білім саласы басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, мемлекет қаржысына салынып жатқан нысанның сапасына ерекше мән беруді тапсырды.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты сала басшыларының өтініштеріне құлақ түріп, білім саласындағы мәселелерді назарға алатындығын жеткізді.

Бұдан бөлек, мәжіліс депутаты жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта жүргізілетіндіктен, білім мекемелерінде санитарлық құралдардың толық болуы мен талаптардың қатаң сақталуы керектігін ескертті.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

1

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі