Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.09.2021

Н.Нығматулин: Мәжіліс балалардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын қарайды


Нұр-Сұлтан, 10 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Бюро отырысында депутаттар қарауына баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты  заң  жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Құжат балалар мүддесі үшін заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенцияның ережелерін Қазақстан Республикасының орындауы туралы төртінші кезеңдік баяндаманы қорғау қорытындылары бойынша БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын іске асыру мақсатында және «Балаға мейірімді Қазақстан» атты екі халықаралық конференцияның қорытындылары бойынша дайындалған ұсынымдар шеңберінде әзірленді.

Аталған заң жобасында сәйкес, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы және еңбек кодекстеріне, сондай-ақ, тағы басқа да бірқатар заң жобаларына түзетулер енгізілу ұсынылады. 

Сонымен қатар, күн тәртібінің жобасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарау ұсынылмақ.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жумабеков).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі