Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.10.2021

Мәжілісте мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жақсарту мәселелері талқыланды


Нұр-Сұлтан, 25 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жақсарту» деген тақырыпта «Үкімет сағаты» өтті.

Іс-шараға бейінді министрлікпен қатар, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Әділет, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Білім министрліктерінің, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, «Атамекен» ҰКП, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының», «Ұлттық ақпараттық технологиялар»АҚ, үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты.

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндап берді.

Министр бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90%-ы (690 Мемлекеттік қызметтің 624-і) электрондық форматта көрсетілетінін атап өтті. Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін жаңа сервистерді енгізіп, мемлекеттік қызметтерді азаматтар арасындағы танымал мобильді платформаларға шығарып жатыр. Мәселен, автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеу қызметтері банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді және клиенттерге мамандандырылған ХҚО-ға барудың қажеті жоқ.

EGov мобильдік қосымшасында құжаттардың 18 түрі электрондық форматта қолжетімді болатын «Цифрлық құжаттар» сервисі іске асырылды. Оларды Қазақстанның барлық ХҚО-да, әуежайда, банктерде, теміржол вокзалдарында және ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету бөлімдерінде ұсынуға болады. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисін 5,3 млн қазақстандық пайдаланады.

2021 жылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қабылдау тәсілі өзгерді. Бұрын өтініш беру үшін қазақстандықтарға инстанциялар арасында жүріп, түрлі құжаттар жинауға тура келсе, жаңадан құрылған «E-Otinish» электрондық өтініштер жүйесі осы мәселені шешуге бағытталған. Бұл күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде қаралатын азаматтардың барлық өтініштері үшін бірыңғай ақпараттық жүйе. "Е-Otinish" өтініш барысын қадағалауға және бақылауға және қанағаттанарлықсыз жауап болған жағдайда, мемлекеттік органның жауабына шағымдануға мүмкіндік береді.

Жаңашылдықтың тағы бірі – ХҚО жұмысының жаңа форматы, атап айтқанда ХҚО-ға бармай-ақ, қызметтерді тек бейнеқоңырау арқылы алу. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «ХҚО» мобильдік қосымшасы арқылы пилоттық режимде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі және мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде құжаттарды қабылдаудың тиісті алгоритмі айқындалды. Пилоттық жоба Ақмола, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарында іске қосылды.

Бағдат Мусин әр түрлі мемлекеттік органдардың 400 ақпараттық жүйесін бірыңғай платформаға көшіру жоспарлары туралы айтты. Баяндамашының айтуынша, бұл ақпараттық жүйелердің шашыраңқылығы мен интеграциясы проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау қосымша баяндамасында ақпараттық жүйелер интеграциясының толық еместігіне назар аударды.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жекелеген мемлекеттік қызметтер әлі де қағаз тасымалдағыштар арқылы көрсетіліп жатыр. Ең алдымен, бұл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеуге және т.б. қатысты.

Проблемалық мәселелердің ішінде Альберт Рау халыққа мемлекеттік қызмет көрсету рәсімінің бұзылғанын да атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтердің 667 түрі бойынша хабарлама тәртібі жоқ.

Сонымен қатар, Үкімет сағаты барысында Ә. Рахымжанов, А. Үйсімбаев, С. Симонов, Ж. Омарбекова, Б. Бекжанов, Ғ. Ташқараев және тағы басқа депутаттар  халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелердің "тоқтап қалуы" және т. б. мәселелерді көтеріп, жауапты мемлекеттік орган басшысына сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Талқылау қорытындысы бойынша тиісті Ұсынымдар қабылданды.

(Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, 74-63-04. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі