Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.10.2021

Мәжіліс депутаттары халықаралық форумға қатысты


Нұр-Сұлтан, 28 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева, Мәжіліс депутаттары Ләззат Рамазанова және Вера Ким бейнебайланысы арқылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері диалогы шеңберінде ұйымдастырылған форумға қатысты.

«Тұрақты даму және Орталық Азиядағы әйелдер көшбасшылығы» тақырыбына арналған конференцияға БҰҰ даму бағдарламасы, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы бастамашы болған.

Іс-шараның мақсаты - депутат әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін  және олардың Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге қатысуын арттыру болып табылады.

Пікір алмасу барысында өңірлік өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі стратегиялар мен шаралар талқыланып, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ортақ өңірлік мақсаттарға қол жеткізу үшін ынтымақтастықтың басым салалары мен әріптестер айқындалды.

Өз кезегінде Балаим Кесебаева Қазақстан Үкіметі Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға үлкен мән беретінін, сондай-ақ Қазақстанда жүргізілетін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясат 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібінің мақсаттарына толық сәйкес келетінін айтты.

Сонымен қатар, вице-спикер Қазақстан БҰҰ-ның әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін жою жөніндегі "SPOTLIGHT" жаһандық бастамасын белсенді қолдайтынын ерекше атап кетті.

Іс-шара қорытындысы бойынша ұсыныстар мен пікірлер негізінде Орталық Азиядағы орнықты даму, гендерлік теңдік және әйелдер көшбасшылығы жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспары әзірленетін болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-04. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі