Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.10.2021

Мәжілісте Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі және тәуелсіздігінің кепілдіктері талқыланды


Нұр-Сұлтан, 29 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі және тәуелсіздігінің кепілдіктері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шара жұмысына депутаттармен қатар бейнеконференция арқылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың, үкіметтік емес сектор, саяси партиялар, оның ішінде Парламентке кірмеген партиялар өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және заңгерлер қатысты.

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева VII сайланған Парламенттің I сессиясының ашылуында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы адам құқықтарын қорғау болып табылатынын атап өтті.

- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты Конституцияда кепілдік берілген адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тікелей байланысты болғандықтан, бұл әрдайым өзекті. Адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру дәл осы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін заңнамалық деңгейде нақты айқындау арқылы оның одан әрі дамуына байланысты болады. Сондықтан бұл институтты дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігі даусыз, - деді вице-спикер іс-шараның өзектілігіне тоқталып.

Дөңгелек үстелде Уәкілдің құқықтық мәртебесі, құзыреті және Уәкілді лауазымға сайлау, лауазымын тоқтату және лауазымынан босату тәртібіне қатысты пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды.

Атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Мемлекет басшысының Уәкілдің әлеуетін ашу және оған Париж және Венеция қағидаттарына сәйкес келетін барлық қажетті өкілеттіктерді беру туралы тапсырмасын орындауды мемлекеттік органдардың қамтамасыз етуі туралы айтты.

Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары мен ұсынымдарына сәйкес келетін арнайы заңның қабылдануы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқық қорғау рәсімдеріне толыққанды қатысуға мүмкіндік береді.

Парламент депутаттары ұсынған Омбудсменнің өкілеттіктерінің ішінде:

- Президентке, Парламент Палаталарына, Үкіметке өтініш беру;

- Президенттің немесе соттың Конституциялық Кеңеске өтініш беруі туралы өтінішхат жолдау;

- түсіндірме алу үшін Жоғарғы Сотқа өтініш беру;

- талдау жұмысы үшін сарапшылар мен мамандарды шарт негізінде тарту;

- мемлекеттік органдардың өкілдерін шақыра отырып, азаматтарды бірлесіп қабылдау;

- жыл сайын Парламент Палаталарында баяндама жасау және жекелеген мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізуді ұсыну;

- азаптауларға және қатыгездікпен қараудың басқа да түрлеріне қарсы ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметін үйлестіру және қолдау.

Сондай-ақ, талқылау барысында Уәкілдің аймақтардағы өкілдерінің қызметі мәселелері көтерілді. Заң жобасы өңірдегі өкілдер тарапынан Омбудсмен командасын кеңейтуді көздейді. Бұл қазақстандықтар үшін коммуникациялық мүмкіндіктерді арттырады. Сондай-ақ уәкілдерге өңірлерден жедел және дұрыс ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Отырыста айтылған ұсыныстар мен пікірлер «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және оған ілеспе заң жобаларыбойынша жұмыс тобы шеңберінде егжей-тегжейлі қаралатын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі