Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.02.2022

Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 2 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Мәжіліс Төрағасы  күн тәртібіне кіріспес бұрын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстан» құру жолында Парламентке артылар жүк те, жүктелер  жауапкершілік те өте зор екенін атап өтті.

Сондықтан осынау сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, Президент бастамаларын барынша қолдау – біздің басты міндет. Сайлаушылар тарапынан депутаттарға қойылатын талап қашан да жоғары екендігін өздеріңіз білесіздер. Әсіресе, кешегі қаңтар оқиғалары – бүкіл еліміз үшін үлкен сын болды. Күн тәртібінде тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалу мәселесі тұрды. Елдігімізге қауіп төнген осы сын сағатта Мемлекет Басшысы барлық жауапкершілікті өзіне алып, батыл шешімдер қабылдады, - деді Палата Спикері.

Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Президентіміз халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екендігін өз ісімен дәлелдегенін, ендігі жерде бұл талап әсіресе біз үшін басты қағида болуы тиіс екеніне назар аударды.

Бірінші кезекте, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет. Халық сайлаған депутаттар – ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болу керек. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез-келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты екені түсінікті. Сондықтан алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, әсіресе, өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан ары жандандыратын боламыз. Бұл – Президент бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың да басты ұстанымы. Алдымызға қойылған жаңа міндеттерді табысты орындау үшін азаматтық қоғаммен қатар, мемлекеттік органдардың барлық тармақтарымен, соның ішінде, Сенатпен, Үкіметпен, Сот саласымен өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз, - деді Е.Қошанов.

Сонымен қатар, Палата Төрағасы жұртпен қарым-қатынас, олардың мүдделерін қорғау біздің күнделікті жұмысымыздың негізі екеніне баса назар аударды.

Депутаттардың сайлаушылармен тиімді жұмыс істеуі үшін біз барлық жағдайды және қосымша мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Мүмкін, халықпен кездесу форматын қайта қарауымыз керек шығар. Тамыршыдай тап басып, жұрттың мұң-мұқтажын білу үшін және заңдар қабылдау арқылы олардың көкейкесті проблемаларын шешу үшін біз сайлаушылармен жиірек кездесуге тиіспіз. Жұмысымызда осы принциптерді басшылыққа ала отырып, біз бүкіл қазақстандықтардың мүдделерін лайықты білдіре аламыз деп сенемін. Біздің мақсатымыз айқын, міндетіміз ортақ. Ол елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы жолда, құрметті депутаттар, бірлесе еңбек етіп, тиісті нәтижелерге жетеміз деп сенемін, - деді Мәжіліс Спикері.

Одан әрі отырыс барысында депутаттар асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасының негізгі ережелерін нақтылауға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мәселен, заң жобасына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер өз қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органды өз қызметінің басталғаны туралы хабардар етпестен жүзеге асырады деп көзделіп отырған.

Сонымен қатар, бонитирлеу, қолдан ұрықтандыру және эмбриондарды ауыстырып салу бойынша мамандар көрсететін қызметтер сапасының төмендеуіне жол бермеу мақсатында осындай жеке тұлға-мамандардың өз қызметін бастағаны туралы уәкілетті органды міндетті түрде хабардар етуін қалпына келтіру ұсынылды.

Бұл ретте, олардың қызметіне қойылатын негізгі талаптар айтарлықтай жеңілдетіледі. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың «ауыл шаруашылығы және биоресурстар» немесе «ветеринария» бағыты бойынша білім туралы дипломы болса жеткілікті болады, бұл көптеген адамдар үшін қолжетімді болады, өйткені білімге қойылатын қазіргі талаптардың өз ерекшелігі бар.

Техник-ұрықтандырушының білім туралы дипломы не ауыл шаруашылығы малын қолдан ұрықтандыру курстарынан өткені туралы құжаты не осы бейін бойынша кемінде алты ай жұмыс өтілін растайтын құжаты болса жеткілікті болады.

Сонымен бірге, бұл мамандар оқу және біліктілігін арттыру курстарынан тұрақты негізде өтуге міндетті, ал олардың ұзақтығын уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді.

Бұдан басқа, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заң әлемдік практикада кең таралған малға геномдық бағалауды жүзеге асыру нормаларымен толықтырылды. Бұл әдіс табынның өсімін одан әрі молайту және қажетті селекциялық өлшемдерге ие төл алу үшін перспективалық дарақтарды ерте кезеңде іріктеп алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бонитирлеу, индекстік бағалау, ұрпағының сапасы бойынша бағалау, өз өнімділігі бойынша бағалау (сынау) сияқты асыл тұқымды малдарды бағалаудың өзге де түрлеріне қатысты ережелер нақтыланды.

Осы жазылғандармен қатар, заң жобасында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу мақсатында қабылданған алдын алу тетігі көзделген. Мәселен, уәкілетті орган ведомствосының бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігі бөлігінде толықтырулар енгізілді. Асыл тұқымдық және дистрибьютерлік орталықтармен, бюджеттік субсидиялар алған жеке және заңды тұлғалармен қатар республикалық палаталар да профилактикалық бақылау субъектілері (объектілері) болып табылады.

 Отырыс барысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде ЕАЭО кедендік аумағы арқылы үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізуге байланысты қатынастарды реттейді.

Қалдықтарды бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына өткізу кезінде ЕАЭО мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы трансшекаралық өткізу Базель конвенциясының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Мүше мемлекеттерде қалдықтарды трансшекаралық өткізуді бақылау және қадағалау мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, қалдықтарды көму және залалсыздандыру мақсатында оларды трансшекаралық өткізуге жол берілмейді.

Қалдықтарды трансшекаралық өткізу Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін бірыңғай нысан бойынша құзыретті орган беретін қорытындының негізінде жүзеге асырылады.

Келісімде көрсетілмеген, қалдықтарды трансшекаралық өткізу тәртібіне, сондай-ақ тасымалдаушыға және авариялық жағдайларды болғызбау және жою, адамның денсаулығына және қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптар мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.

Сондай-ақ, отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, Е.Саиров, Б.Дүйсембинов, В.Нәбиев, Д.Еспаева, М.Раманқұлов, Ю.Кучинская, Д.Зәкиева, Б.Торғаев, Д.Тұрғанов, С.Нақпаев, А.Линник, Г.Бижанова. 

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі