Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.02.2022

Мәжіліс құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 9 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.

Палата Спикері негізгі жұмысқа кіріспес бұрын, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Е.Қошанов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы уақытқа дейін қордаланған проблемаларға қатысты ащы сын айта отырып, нақты міндеттер жүктегенін атап өтті.

-Ол міндеттің ең бастысы – еліміздің экономикалық әлеуетін қалпына келтіріп, халықтың табысын, әл ауқатын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Президент жұрттың бизнеспен айналысуына тең жағдай жасау, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу, тұрғын-үй,  денсаулық мәселелерін шешу, инфляцияны ауыздықтау, қосымша қаражат көздерін қарастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту сияқты басқа да бірқатар басым бағыттарды  атап айтып, шынайы нәтижеге жетудің жолдарын көрсетті, - деді.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, осы айтылғандардан тиісті қорытынды шығарып, әрекет етіп, барлық әлеуметтік-экономикалық тапсырмаларды тиісті сапалы заңдармен қамтамасыз етуге  жұдырықтай жұмылуымыз қажет.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қорытындысында көрсетілген, заң жобасының негізгі мақсаты құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру, оның ішінде тікелей қолданылатын нормаларды қолдануды кеңейту, ведомстволық бағынысты реттеуді қысқарту, құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою болып табылады.

Заң жобасы құқық қорғау қызметіне кіруге, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты мәселелерді реттеуге бағытталған. Құжаттың бірқатар нормалары құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, оның ішінде құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне арналған.

Кадрлық процестерді біріздендіру және құқық қорғау қызметін ұйымдастыру тәсілдерінің тұтастығын қамтамасыз ету ұсынылады. Атап айтқанда, конкурстық тәртіптің бірыңғай кезеңдері мен шарттары енгізіледі, конкурс кезеңінде арнайы тексеру сұратылмайды, ол конкурс аяқталғаннан кейін жүргізілетін болады. Конкурстан тыс қызметке қабылдау жөнінде шешім қабылдау құқығы облыстық бөлімше басшысының құзыретінен құқық қорғау органының бірінші басшысының өкілеттігіне беріледі.

Арнаулы мемлекеттік органдардың жұмыс істеп жүрген қызметкерлері мен әскери қызметшілердің құқық қорғау органдарына кіру тәртібі оңайлатылады. Атап айтқанда, медициналық зерттеп-қарау, арнайы тексеру жүргізбей, полиграфсыз ауыстыру енгізіледі, өйткені олар бұл рәсімдерден әскери қызметке және арнаулы мемлекеттік органдарға кіретін кезде өткен.

Мемлекет басшысы бекітетін барлық құқық қорғау органына арналған анттың бірыңғай мәтіні енгізіледі. Атақтарды мерзімінен бұрын беру және кезектен тыс атақтар беру тәртібі өзгереді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметінде теріс баға алғаны үшін олардың жауапкершілігі күшейтіледі, олар үшін қайта аттестаттау енгізілетін болады. Қызметкерлерді көтермелеудің бірыңғай тәртібі белгіленеді.

Құқық қорғау органдары оқу орындарының кадрлық құрамын нығайту үшін ғылыми тәжірибесі мол мамандарды тарту ұсынылады, ол үшін құқық қорғау органының бірінші басшысына еңбек шарты бойынша азаматтық адамдарға лауазымдық жалақыларын төлей отырып, оларды профессор-оқытушылар және ғылыми құрам лауазымдарына тағайындау құқығы беріледі.

Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты заң жобасында жиырма жылдық қызмет өтілі не он жылдық өтілі бар және асырауында мүгедек балалары бар қызметкерлердің мемлекеттік қордан алынған тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы көзделген. Әлеуметтік құқықтарды қорғау мақсатында ауру салдарынан қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелеріне тиісті өтемақы төлеу ұсынылады.

Заң жобасында бұрын (2003-2016 жылдар) полиция органдарының қатардағы және кіші құрамының лауазымдарын атқарған, бірақ аралас жұмыс өтіліне байланысты осы құқықтан айырылған адамдар үшін зейнетақы алу құқығы қалпына келтіріледі. Құқық қорғау органының таратылуына байланысты қызметтен босатылған қызметкерлер де еңбек сіңірген жылдары (аралас жұмыс өтілі) бойынша зейнетақы алу құқығына ие болуы мүмкін.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адам үшін тәлімгерге қатысты бірқатар түзетулер енгізді. Тәлімгер оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсетеді.

Депутаттар «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен құқық қорғау қызметіне кандидаттарға тестілеу өткізуді де ұсынды. Тәртіптік теріс қылықтардың түрлері, оларды жасағаны үшін тәртіптік жаза қолдану тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымы заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Осының барлығын Палата депутаттарының алдында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев пен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова баяндады.

Сонымен қатар, бүгін Еділ Жаңбыршин бастаған Мәжіліс депутаттары «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды ресми түрде жариялады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі