Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.02.2022

Мәжіліс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және волонтерлік қызмет туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 16 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары шығыстарының аталған адамдардың кірістеріне сәйкестігін бақылау енгізіледі әрі фискалдық және мансаптық санкциялар белгіленеді. Мұндай санкциялар айтарлықтай алшақтықтар үшін ғана қолданылатын болады. Мәселен, егер шығыстар мен кірістер алшақтығының сомасы ең төмен есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асып кетсе, мемлекеттік қызметшіге алшақтық сомасының 90 пайызы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Егер де шығыстар мен кірістер алшақтығының сомасы мемлекеттік қызметшінің жылдық кірісінен асып кетсе, онда ол теріс себептер бойынша мемлекеттік қызметтен босатылуға жатады.

Бұл ретте әрбір жағдайда адамға шығыстарының заңдылығын негіздеу мүмкіндігі берілетін болады. Аталған жаңалықтарды халықты жалпыға бірдей декларациялаумен толық ауқымды қамтуды ескере отырып, 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Өйткені, 2025 жылы өз кірістерінің мөлшері туралы республиканың барлық азаматтары есеп беретін болады, ал 2026 жылдан бастап олардың шығыстарын кірістерімен салыстыру процесі басталады.

Осы және басқа да ұсынылған заңнамалық жаңалықтар туралы жалпы отырыста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов кеңінен баяндап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.  Қосымша баяндаманы Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мәди Елубаев жасады.

Сонымен қатар отырыста депутаттар волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Болат Тілепов баяндады.

Заң жобасы волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қаржыландыру саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген. Құжат стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты түрінде мемлекет пен ҮЕҰ өзара іс-қимылының жаңа тетігі енгізуге қатысты бірқатар түзетулер енгізілмек. Сондай-ақ Еңбек кодексіне волонтерлік қызметке қатысатын азаматтардың  волонтерлік қызметін азаматтық қызметке кіру кезінде есепке алу құқығын кеңейту бөлігінде олардың волонтерлік қызметін ынталандыруға бағытталған нормаларды енгізуге, гранттарды әкімшілендіру мен қаржыландыру мәселелерін жақсартуға мүмкіндік беретін қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді сияқты сараланған гранттарды енгізу; коммуналдық мүлікті волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарына жеңілдікті шарттармен кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру және басқа да мәселелерді қамтитын түзетулер енгізілді.

Отырыста Палата комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар депутаттық сауалдар жолдар. Олар: жастар арасында синтетикалық есірткінің таралу проблемалары, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету және ауылдық медицина қызметкерлерінің тапшылығы туралы, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының қоршаған ортаға әсерінің салдары мен азаматтардың мүгедектігін белгілеу тәртібін қайта қарауға қатысты мәселелер көтерілді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі