Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.03.2022

Мәжіліс бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 2 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Ратификацияланған құжаттардың қатарында «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы (175-конвенция)» заң жобасы бар.

Заң жобасы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндап, құжат 2019 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 40-шы отырысында қолдау тапқанын атап өтті.

 -   Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясында қабылданды. Конвенция толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін, яғни ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқығын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары сияқты қорғауды көздейді, – деді С.Шәпкенов.

Атап айтқанда, ұжымдық келіссөздерді жүргізу құқығы және еңбекшілердің өкілдері ретінде қызмет ету құқығы; қауіпсіздік және еңбек гигиенасы; еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу; ананы қорғау; еңбек қатынастарын тоқтату құқығы; жыл сайынғы ақылы демалыс немесе ақылы мереке күндері; ауруы бойынша демалыс бар.

Осы Конвенцияны ратификациялау еңбек қатынастары саласында халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді.

Отырыста депутаттар «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. 

Келісім жобасының мақсаты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде азаматтығының болуы, көші-қон есебіне қою, визалар беру, жеке басты куәландыратын құжаттар туралы дербес деректермен алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету жөніндегі ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жасау болып табылады.

Құжат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің құқық қорғау органдарының жеке тұлғалардың дербес деректері туралы ақпарат беру мәселелері жөніндегі сұрау салуларын қарау және шешу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Сонымен қатар Палата комитеті мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне қатысты  түзетулер енгізуге бағытталған заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Сондай-ақ жалпы отырыста жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек ант беріп, Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі