Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.04.2022

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында елді мекендерді жаңғырту мәселесі талқыланды


Нұр-Сұлтан. 25 сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикерінің орынбасары Павел Казанцевтің төрағалық етуімен  «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру туралы» тақырыбында үкімет сағаты өтті.

Павел Казанцев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын одан әрі жалғастыру жөнінде тапсырма бергенін айтып, соңғы үш жылда  республикалық бюджеттен 206 млрд теңге қаражат бөлініп, 2,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырылғанына назар аударды. Бұл 250 тұрғын үй-коммуналдық, 676 әлеуметтік және 1,7 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысандарын жаңғыртуға мүмкіндік берген.

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров атап өткендей, жоба аясында даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалып алынған, ол ауыл тұрғындарының 89 пайызын қамтиды. Жалпы елімізде 6 293 елді мекен бар.

Одан әрі Әлібек Қуантыров жергілікті атқарушы органдармен «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қамтылған ауылдарға инвестиция тартудың тиімділігіне талдау жасалғанын айтты. Сондай-ақ министр биыл даму әлеуеті бар 492 ауылға 100 миллиард теңге бөлінгенін, бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын, әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт саласы жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» батыс және оңтүстік облыстарға халықты әлеуметтік-мәдени, спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 20 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылып отырғаны айтылды.

Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау депутаттардың бағдарламаның орындалу барысы бойынша әрбір елді мекендерде, аудандарда, облыстарда егжей-тегжейлі талдау жасалғанына тоқталды. Оның пікірінше, аталған жобаның нәтижесі сын көтермейді. Айтуынша бағдарлама ауылдық жерлерді дамытуға тың серпін беруге, бірінші кезекте, ауыл халқының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға арналған. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерді «тірек» және «серіктес» санатына бөлу критерийлері айқындалып, өңірлік стандарттар жүйесі қабылданған.

Жоба аясында облыс әкімдіктері Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 6 300 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мыңнан астам ауылды іріктеп алды. Оның ішінде – 1 173 тірек және 2 388 серіктес ауылдар бар. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша іс жүзінде бағдарлама 3,5 мың ауылдың 665-ін ғана қамтыған. Яғни, үш жылда 18 пайыз ғана ілгерілеу болған. Бұл ретте алдағы төрт жылда жобамен 2870 ауыл немесе 82 пайызы қамтылуға тиіс. Қазіргі жағдайға қарағанда Ұлттық жоба параметрлерінің орындалмай қалу қаупі бар,деді А. Рау.

Комитет төрағасы мемлекеттік органдардың «жаңғыртылған ауыл» ұғымын жете түсінбейтінін айтып, орындалған жоба санына қарап емес, барлық проблемалар шешілген ауылды ғана «жаңғыртылған ауыл» деп қабылдау керектігіне тоқталды. Депутаттар назарына іліккен тағы бір мәселе: экономикалық әлеуеті жақсы, дамыған инфрақұрылымы бар ауылдар жобаға мүлдем енгізілмеген. Оған елді мекеннің «тірек» ауылдан 18 шақырым қашықтықта орналасқаны, ал бағдарлама бойынша 15 шақырымнан аспау керектігі себеп болып отыр.

Талқылау барысында депутаттар ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасына, жайылымдық жерлерді қайтаруға, тұрғын үй құрылысына, жұмыспен қамтуға, халықтың табысын арттыруға, ауыз су, жол, интернет, экологияға қатысты өзекті мәселелерге назар аударды.

Ұсынылған мәліметке сүйенсек, алдағы төрт жылда ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге тағы 670 миллиард теңге қажет, ол 7 миллионға жуық ауыл тұрғынының өмір сапасын арттыруға жол ашады.

Отырыс соңында талқыланған тақырып бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

1

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі