Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
29.06.2022

Мәжілістің осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті


Нұр-Сұлтан, 29 маусым, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының II сессиясының жұмысы қорытындыланды.

Алдымен депутаттар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатымен әзірленді. Онда құқық бұзушыларды қылмыстық және әкімшілік қудалауды күшейте отырып, Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлығын қорғау жөніндегі заңнамалық және нормативтік шараларды әзірлеу міндеті қойылған болатын.

Отырыста Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, орман пайдаланушылардың өрт қауіпсіздігі мен санитариялық қағидаларды сақтамауы себебінен орман алқаптарында өрт пен зиянкестерді ошақтары пайда болуда.

«Қазақстан орманы аз ел болғандықтан орман пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту қажет. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалған іс-әрекеттер үшін айыппұл сомасы ұлғайтылады», – деді С. Брекешов.

Сонымен қатар жиында депутаттар асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Заң жобасындағы түзетулер өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытумен байланысты.

Жалпы отырыс барысында «AMANAT» партиясының фракциясы депутаттар тобының, мүшелерінің депутаттық сауалына Ауыл шаруашылығы министрі депутаттардың сұрақтарына ауызша жауап беру үшін арнайы келді.

Мәселен, 9 наурызда Мәжіліс отырысында депутат Альберт Рау Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа агроөнеркәсіптік кешен саласын мемлекеттік қолдау мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, шаруалар үкіметтің қолдау жүйесіне жоспарланған өзгерістеріне алаңдаулы. А.Рау Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған субсидия түрлерін қысқарту, кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау пайдасына тауарлық-спецификалық субсидиялардан бас тарту ұзақ мерзімді инвестицияларды талап ететін агроөнеркәсіптік кешен секторларына зиян келтіретінін атап өтті.

Сәуір айында Үкімет басшысы депутаттың сауалына жазбаша жауап берді. Жауап ретінде Ә.Смайылов агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын, оның шеңберінде АӨК субсидиялау жүйесіне жаңа тәсілдер таныстырылғанын хабарлады.

Жалпы айтқанда, мәжілісмендер ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жауабына көңілі толмады.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов мемлекеттік орган басшыларын депутаттар көтерген сауалдарға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдардың сапасыз жауап беруі жиілеп кеттті. Алайда апта сайын күллі үкімет мүшелерін шақыра бермейміз ғой! Бұған бей-жай қарауға болмайды. Өйткені ол – елді толғандыратын мәселелер, тұрғындардың өзекті проблемалары. Әрқайсысының артында адамдардың тағдыры тұр. Бұлай жалғаса беретін болса, жекелеген Үкімет мүшелеріне тиісті баға беруге немесе шара қолдануға заң жүзінде мүмкіндігіміз бар», – деді Палата Төрағасы.

Мәжілістің екінші сессиясының жұмысы аяқталғанын айтқан Палата Төрағасы атқарылған жұмыс нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Осы сессия күллі қоғам үшін жауапты әрі күрделі кезеңде өткенін, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Парламенттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгеніне назар аударып, Конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізілгенін айтты.

«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп,  онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде, депутаттық корпус бастамашылық еткен 27 заң жобасымен жұмыс істеді. Бұл Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының  21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жобалары, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Е.Қошановтың айтуынша, олардың ішінде Омбудсмен туралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Республикалық референдум, Саяси партиялар, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңдар бар.

Сонымен қатар Палата Спикері Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал жолдағанына мән берді. Депутаттық сауалдарда кәсіпкерлікті қорғау, банк қызметі, салық саясаты, денсаулық сақтау және білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, бала құқықтарын қорғау, жастар саясатын іске асыру мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ Е.Қошанов заңнамалық сипаттағы өзекті жайттарды терең зерттеу мақсатымен Палата бірқатар маңызды іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, Қазақстанның су саласын дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау, әртүрлі мәселелер бойынша 10 үкімет  сағаты өтті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі –74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі