Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
30.06.2022

Парламенттің VII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысы аяқталды


Нұр-Сұлтан, 30 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда екінші сессия жұмысы аяқталды.

Ерлан Қошанов Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өткенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болғанына мән берді. Мәселен, Палаталардың 4 бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Ал Сенаттың 42 жалпы отырысында 148 мәселе қаралды.

Өткен сессияда қос Палатада 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды. Парламент қабылдаған заңдардың қазіргі уақытта 66-на Президент  қол қойып, заң күшіне енді.

Сонымен қатар сессия барысында депутаттардың бастамашылығымен 27 заң жобасы әзірленді. Олардың 19-ы қазіргі уақытта қабылданды, тағы
8 заң жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, депутаттар бастамашы болған заңдардың бірқатары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Солардың ішінде: «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», Қаржы  пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңдар қабылданды. Ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері жөнінде де заң мақұлданды. Соның нәтижесінде 13 мыңға жуық ата-ана балаларының оңалтудан өтуі кезінде бірге тұру мен тамақтануға жұмсалатын шығыстардың 70 пайызына өтемақы алады.

Cонымен қатар Ерлан Қошанов Парламент Баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша құжат қабылданғанын айтты.

Палата Төрағасы өткен сессия барысында Парламент елдің сыртқы саясаттағы басым міндеттерін іске асыруды бекітетін, шет елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 27 халықаралық  шарт пен мемлекетаралық келісім ратификацияланғанын атап өтті.

Қос Палата депутаттары өз қызметінде сайлаушылармен байланысқа ерекше көңіл бөлуде. Бұл Мемлекет басшысының осы бағыттағы жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған.

Сондықтан депутаттар мен халық арасында мазмұнды диалог жолға қойылуға тиіс екенін айтқан Ерлан Қошанов депутаттар өңірлерге 8 рет барып, 7 200-ге жуық кездесу өткізгеніне назар аударды.

«Қоғамды толғандырып жүрген сұрақтарға толыққанды жауап алу мақсатымен Парламент қабырғасында сайлаушылардың көкейкесті проблемаларын шешу барысы туралы Үкімет мүшелерінің жауабы тыңдалды. Мысалы, Сенатта еліміздің бірқатар аймақтарындағы су тасқынының себептері мен салдары, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» талқыланды. Ал Мәжілісте агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселесі қаралды. Мұндай жұмыс форматы қоғамда көтеріліп жүрген проблемаларды тиімді әрі уақтылы шешуге мүмкіндік береді. Біз бұл тәжірибені әрі қарай жалғастырамыз», – деді Мәжіліс Спикері.

Мәжіліс Төрағасы өткен сессияда депутаттық сауалдармен де көптеген мәселе көтерілгенін айтты. Парламент депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың атына 494 депутаттық сауал жолдады.

Сессия барысында «AMANAT», «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясының» парламенттік фракциялары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Жаңа Қазақстан» және «Өңір» депутаттық топтары белсенді жұмыс істеді.

Сондай-ақ өткен сессияда ауыл шаруашылығын дамыту, «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» және «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбына арналған 3 Парламенттік тыңдау өткізіліп, өзекті мәселелер қаралды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамдық талқылауларды әлеуметтік желілер мен қала алаңдарынан Парламент қабырғасына әкелу қажеттігін айтқан болатын. Осы мақсатта Мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылды. Оның құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдері кірді. Сонымен қатар, азаматтардың талап-тілектеріне жедел ден қою үшін Мәжілістің Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Бұған қоса, Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңы жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін сессия барысында бірнеше министрлік пен ведомствоның қатысуымен 14 үкімет сағаты өтті.

Екінші сессияны қорытындылай келе Ерлан Қошанов қос палатаның шет елдермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту жөніндегі жұмысының ауқымдылығын атап өтті.

Сессия барысында Парламент депутаттары 13 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді, 360 халықаралық іс-шараға қатысты және  шет елдің 24 парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды.

Бірлескен отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы бұл жұмыстардың келесі сессияда да қарқынды жалғасатынын атап өтті.

«Біз заң шығару жұмысына ерекше қарқын бердік. Енді осы қарқынды алдағы кезеңде де сақтаудың маңызы зор. Кезекті парламенттік сессияда заң шығару жұмысы, ең алдымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындауға, конституциялық реформаларды іске асыруға бағытталатын болады. Атап айтқанда, 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Мемлекет басшысы басты заңдарды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Сондықтан, біз – депутаттар бұл жұмысқа парламенттің күзгі сессиясы басталған кезде дереу кірісуіміз қажет», – деді Палата Төрағасы.

Отырыс соңында Ерлан Қошанов Үкімет мүшелеріне екі Палата аппараттарының қызметкерлеріне, сарапшылар қоғамдастығына,  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен жұмысы үшін зор ризашылығын  білдірді.

Айта кету керек, жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары және Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің,  Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысты.  

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі