Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.04.2023

Ерлан Қошанов БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісімен кездесті


Астана, 17 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаны қабылдады. Кездесуде Қазақстанның Орталық Азия елдері әйелдерінің Диалогына төрағалық ету аясындағы іс-шаралар жоспары, сондай-ақ Мәжіліс пен БҰҰ Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Ерлан Қошанов БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Үш жыл бұрын орталықтың қолдауымен Орталық Азиядағы әйелдер диалогы жұмыс істей бастады. Биыл оған Қазақстан төрағалық етіп отыр.

– Біз әйелдердің барлық салаға қатысуы және оларды қолдау бойынша Қазақстан тәжірибесімен бөліспекпіз. Қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы ошағын сақтаушы ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласады.  Осы ерекшеліктерді ескере отырып, 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда халықаралық конференциялар, дөңгелек үстелдер, халықаралық форумдар аясында кездесулер өткізу көзделген. Ондағы мақсат – Орталық Азия елдері арасында әйелдердің аймақ өміріне белсене араласуына ықпал ету үшін тәжірибе алмасу, заңнамалық қолдау болмақ, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Қазақстан төрағалығы осы жылы мамыр айының соңында салтанатты түрде басталады. Бұл іс-шарада Орталық Азияның барлық елінің қатысуымен инновациялық және технологияларды дамыту саласындағы озық тәжірибелер ұсынылады.

– Жалпы Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалық етуі Орталық Азия аймағында гендерлік теңдікке қол жеткізуге және әйелдер құқықтарын кеңейтуге елеулі үлес қосады деп сенеміз, – деді Е.Қошанов.

БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча ұйымның аймақтағы бастамаларына белсене қатысқаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Әйелдер мен жастарды қолдау аясындағы өзара іс-қимыл еліміздегі барлық мекеме мен ұйымды қамтитынына сенім білдірді.

Кездесуге сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан мен Снежанна Имашева, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй және БҰҰ Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы басшысының орынбасары Армандс Пупольс қатысты.

Екіжақты кездесуден соң Мирослав Енча жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаевамен және Орталық Азия әйелдері диалогына Қазақстан атынан қатысатын палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен толығырақ талқылады.  

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Фото Ж. Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі