Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.06.2023

Мәжіліс спикері Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасымен кездесті


Астана, 27 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевпен кездесті. Тараптар екі елдің парламентаралық ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.

Кездесуді ашқан Ерлан Қошанов Жогорку Кенеш делегациясының сапары парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

- Біз бауырлас халықтар ретінде ғасырлар бойы бір-бірімізді қолдап келеміз және оны жоғары бағалаймыз. Біздің елдеріміздің басшылығы деңгейіндегі кездесулердің қарқыны мен мазмұны екіжақты байланыстардың беріктігін көрсетеді, – деді Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Қырғызстан басшыларының уағдаластықтарын іске асыру мақсатымен 2003 жылы қол қойылған екі мемлекет арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартты жандандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Осы орайда Ерлан Қошанов екі елдің Президенттері мен депутаттары арасындағы барлық келісімді жүзеге асыру үшін берік заңнамалық база қалыптастыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін бірлесіп шешудің маңыздылығын талқылады. Атап айтқанда, су-энергетика кешені, шекаралық бақылау, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастық, туризм және тағы басқа мәселелер.

Өз кезегінде Нурланбек Шакиев Қазақстан халқын елде жүргізіліп жатқан табысты саяси реформалармен құттықтап, қырғыз елі Қазақстан басшылығының барлық бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Палата жетекшілері мен депутаттар «Қазақстан-Қырғызстан» достық топтары аясындағы парламентаралық ынтымақтастыққа да тоқталды.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Фото Ж.Жұмабеков.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі